Қостанай облысында Hyundai және Volkswagen автокөліктерінің қатысуымен жол апаты болды. Қатты соқтығыс салдарынан төрт адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жол-көлік оқиғасы Қостанай облысындағы Аманқарағай ауылының маңында болған. Апат орнынан түсірілген бейнежазба Instagram желісіндегі Ilovekostanayy парақшасында жарияланды.
Кадрлардан екі автокөліктің қатты соқтығысқанын байқауға болады. Олардың бірі жолдан шығып кетіп, аударылған. Оқиға орнына жедел жәрдем мен полиция қызметкерлері келген. Қостанай облыстық полиция департаменті жол апатына қатысты ресми түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, оқиға «Қостанай – Әулиекөл – Сұрған» республикалық автожолының 92-шақырымында тіркелген.
Алдын ала анықталғандай, Hyundai автокөлігінің жүргізушісі жолда маневр жасау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамай, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен. Салдарынан ол Volkswagen автокөлігімен бүйір жағынан соқтығысқан.
«Қылмыстық іс қозғалды. Hyundai жүргізушісі маневр қауіпсіздігіне көз жеткізбестен қарсы жолаққа шығып кетіп, Volkswagen көлігімен бүйірден соқтығысқаны анықталды.
Жол апаты салдарынан төрт адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді полиция.