Хабиб Нурмагомедов БАӘ-де түрмеге қамалған інісін босатуға көмектесті

Бүгін, 14:31 / Ахмет Қанатұлы
Фото: ашық дереккөзден

UFC-дің бұрынғы чемпионы Хабиб Нурмагомедов Біріккен Араб Әмірліктерінде қамауға алынған туысы, белгілі аралас жекпе-жек шебері Усман Нурмагомедовтің бостандыққа шығуына ықпал еткен. Ақпарат құралдарының мәліметінше, ол бұл мәселені шешу үшін жергілікті билік өкілдерімен жеке келіссөз жүргізген, деп хабарлайды Arasha.kz.

"Mash на спорте" Telegram арнасының хабарлауынша, Усман Нурмагомедов БАӘ аумағында болған жанжалға байланысты қамауға алынған. Онымен бірге оқиғаға қатысы бар тағы жеті адам ұсталған.

Сот оларды қоғамдық тәртіпті бұзғаны және адамдардың өміріне қауіп төндіргені үшін жауапқа тартып, ірі көлемде айыппұл төлеуге міндеттеген. Сонымен қатар Усман Нурмагомедовке алты ай қамауда ұстау жазасы тағайындалғаны хабарланған.

Дереккөз мәліметінше, Хабиб Нурмагомедов туысын қамаудан босату үшін алдымен UFC президенті Дана Уайтқа жүгінген. Алайда Дана Уайт Біріккен Араб Әмірліктерінің қолданыстағы заңнамасына сілтеме жасап, жағдайға араласудан бас тартқан. Осыдан кейін Хабиб мәселені тікелей шешуге кіріскен. Бұрынғы UFC чемпионы жергілікті билік өкілдерімен байланыс орнатып, ұсталған адамдардың жағдайына қатысты келіссөз жүргізген.

"Mash на спорте" арнасының мәліметінше, келіссөз нәтижесінде қамауға алынғандарды кезең-кезеңімен босату туралы уағдаластыққа қол жеткізілген. Ақпаратқа сәйкес, 16 қарашада Усман Нурмагомедов қамаудан босатылған. Сондай-ақ жанжалға қатысқан тараптар болған оқиғаға байланысты көпшілік алдында пікір білдірмеуге келіскені айтылады. Дегенмен Усман Нурмагомедовтің нақты қандай жағдайда бостандыққа шыққаны, оған тағайындалған жазаның өзгертілген-өзгертілмегені туралы толық ресми ақпарат жарияланған жоқ.