Сербияда елдің Қарулы күштеріне тиесілі МиГ-29 жойғыш ұшағы апатқа ұшырады. Қайғылы оқиға салдарынан әскери ұшқыш қаза тапты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға 17 қарашада Сербияның солтүстік-батыс бөлігінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, әскери ұшақ Нова-Пазова және Стара-Пазова елді мекендерінің арасындағы ашық алқапқа құлаған. Апатқа ұшыраған МиГ-29 жойғыш ұшағы Батайница әскери әуеайлағында орналасқан Сербия Қарулы күштерінің 204-авиациялық бригадасына тиесілі болған.
Ұшақтың құлауы салдарынан оның ұшқышы көз жұмған.
Әуе апаты туралы хабар түскеннен кейін оқиға орнына Сербия армиясының әскери қызметкерлері, полиция, өрт сөндірушілер және жедел медициналық жәрдем бригадалары жіберілген. Құзырлы органдар ұшақ құлаған аумақта тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар Сремска-Митровица қаласының Жоғары прокуратурасы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады.
Ведомствоның хабарлауынша, кезекші прокурор әуе апаты болған жерге барып, тергеу шараларына қатысқан. Қазіргі уақытта мамандар әскери ұшақтың қандай жағдайда құлағанын анықтауға кірісті.