Вице-Президент негізгі сөздіктерді әр бес жыл сайын жаңартып, бекітіп отыруды ұсынды

Бүгін, 21:06 / Arasha.kz
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында берген тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында тіл мамандарымен кездесу өткізген Вице-Президент Ерлан Қарин негізгі сөздіктерді әр бес жыл сайын жаңартып, бекітіп отыруды ұсынды, деп хабарлайды Arasha.kz.

– Бізге тілдік нормаларды жетілдірудің тұрақты жүйесі қажет. Нақты ережелерді қайта қараудан бұрын, оларды әзірлеу мен бекітудің ортақ тәртібін қалыптастыру керек. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, мемлекеттер тілдік нормаларды ғылыми тұрғыда жүйелеп, белгілі бір мерзімде жаңартып отырады. Біз де осындай жүйені құруға тиіспіз. Сол себепті, қазақ тілінің негізгі нормативтік ережелері мен сөздіктерін кемінде бес жылда бір рет кешенді түрде қайта қарап, толықтырып, бекітіп отыру маңызды, – деді Ерлан Қарин.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өткен аптада ұйымдастырылған құрылтайында тіл нормаларын жетілдіруге қатысты нақты тапсырмалар берген болатын. Соның аясында қолға алынған бастама негізінде ғалымдар орфографиялық, орфоэпиялық, терминологиялық секілді негізгі 19 сөздікті және 9 академиялық аударма сөздігін қайта жаңартып, цифрлық форматқа көшірмек. Сондай-ақ емле мен ережені бекіту көзделіп отыр. Бұлардың барлығы «Қазақ тілінің әмбебап сөздігі» ұлттық цифрлық платформасында жинақталып, баршаға қолжетімді болады.

Тэгтер:

қазақ тілі тоқаев Ерлан Қарин вице-президент