Әскери ұшақ апатқа ұшырап, 19 адам қаза тапты

Бүгін, 09:15 / Альфия Адамбек
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Ресейдің Кемерово облысында Ан-12 әскери-көлік ұшағы құлап, бортындағы 19 адамның барлығы көз жұмды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қайғылы оқиға 17 қарашада Ягуново ауылының маңында болған. Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскери ұшақ жоспарлы ұшу кезінде апатқа ұшыраған. Бортта экипаж мүшелері мен жолаушыларды қосқанда 19 адам болған. Олардың ешқайсысы аман қалмаған.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, ұшақ әуеде келе жатқанда өртеніп, кейін күрт төмендей бастаған. Әуе кемесі жерге құлаған сәтте жарылыс болғаны айтылды. Алайда бұл мәліметтер әзірге ресми түрде толық расталған жоқ.

Кемерово облысының губернаторы Илья Середюк апат болған жерге барып, құтқару жұмыстарының барысын бақылаған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер, дәрігерлер, полиция қызметкерлері мен басқа да жедел қызмет өкілдері жұмылдырылған.

Құтқарушылар ұшақ құлаған жерде шыққан өртті сөндірді. Апат аумағы қоршауға алынып, мамандар әуе кемесінің сынықтарын зерттеуге кірісті.

Ресей Қорғаныс министрлігі ұшақтың құлауына техникалық ақау себеп болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Апаттың нақты себебін анықтау үшін оқиға орнына Әуе-ғарыш күштерінің арнайы комиссиясы жіберілген.

Сонымен қатар Ресей Тергеу комитеті ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында ұшуға дайындық пен қауіпсіздік талаптарының сақталуы тексеріледі.

Тэгтер:

ресей Ұшақ әскер апат