Жүзі бір басқа, сөзі бір басқа: ЖИ жасаған мультфильмдердің сапасы қандай?

Бүгін, 11:32 / Камила Дүйсен
ЖИ арқылы жасалды

Баланың қолындағы телефоннан қазақша сөйлейтін кейіпкерді көру үйреншікті бола бастады. Енді сол кейіпкерді салуға, қимылдатуға, тіпті сөйлетуге жасанды интеллект көмектеседі. Бұл қазақша балалар контентін көбейтуге жол ашады. Бірақ туындының жылдам жасалуы оның мазмұнын, тілін, көркемдік сапасын кім тексереді деген сауалды да алға шығарады. Экрандағы бейненің балаға не үйрететіні технологияның мүмкіндігімен бірге, оны қолданған адамның жауапкершілігіне де тіреледі.

«Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің редакторы Майра Жұмабекованың айтуынша, жаңа құралдар анимация жасауға ниетті адамдардың мүмкіндігін кеңейткен.

«Жасанды интеллект пен мультфильм өндірісі бүгінде әлемдік анимация индустриясын жаңа кезеңге бастап отыр. ЖИ құралдарын кез келген адам пайдаланып, түрлі форматтағы анимациялық контент жасауға мүмкіндік алды. Бұл үрдістен Қазақстан да қалыс қалып жатқан жоқ. Мәселен, жасанды интеллект көмегімен әзірленген қазақша мультфильмдер мен анимациялық контент үлгілері жарық көріп жүр», – дейді редактор.

Оның сөзінше, технологияның қолжетімділігі өндірісті жеңілдетіп, өнім санын арттыруға ықпал етуде. Әсіресе, балаларға арналған қысқаметражды роликтер мен танымдық контентті аз уақытта әзірлеуге мүмкіндік туып отыр.

Мұндай контенттің оқытудағы мүмкіндігін тексерген зерттеулер де бар. Кувейт университетінің ғалымдары ЖИ көмегімен жасалған мультфильмдерді алғашқы көмекті үйрету үшін қолданып көрген. Зерттеуге балабақша жасындағы 65 бала қатысқан. Соның 32-сі екі аптада алты сабаққа қатысып, алғашқы көмек туралы мультфильмдер көрген. Сабақ басталарда бұл топ суретті тапсырмалардан 12 балдың орта есеппен 3,71-ін жинаса, сабақтар аяқталғанда 10,85 балл алған. Екінші топтың нәтижесі көп өзгермеген. Үш аптадан кейін ғалымдар бірінші топты қайта тексергенде, балалардың үйренгенін әлі де есінде сақтағаны байқалған.

2025 жылы АҚШ-тағы Солтүстік Каролина мемлекеттік университеті мен Канададағы Макмастер университетінің зерттеушілері балалар мен ата-аналардың ЖИ жасаған кітап суреттерін қалай қабылдайтынын зерттеген. зерттеушілер 4-8 жастағы балалар мен олардың ата-аналарына электронды кітаптарды бірге оқуды ұсынады. Зерттеуге 13 отбасы қатысқан. Олар суретші салған және ЖИ жасаған суреттерді қарап, өз пікірлерін айтады. ЖИ салған кейіпкерлерге қарап, бір қатысушы «Бәрі бір-біріне ашулы сияқты» деген пікірімен бөліседі. Нәтижесінде зерттеушілер осы сөзді зерттеу мақаласының тақырыбына шығаруды ұйғарған. Өйткені оқырман мен көрермен үшін кейіпкердің жүзі оқиғаға сай болуы, бейнесі келесі бетте өзгеріп кетпеуі және суреттің бала жасына лайық болуы маңызды.

Мультфильмде кейіпкердің көңіл күйін жүзінен ғана емес, дауысынан, қимылынан да аңғарамыз. Кейіпкер жайдары сөйлеп тұрып қабағын түйсе, бала оның көңіл күйін қалай түсінеді? Осы тұста Майра Фазылқызы ЖИ көмегімен жасалған анимацияда кейіпкердің бейнесін бір қалыпта ұстап, қимылын табиғи, сезімін нанымды беру әлі де қиын екенін айтады. Оның бағалауынша, технология адам шығармашылығының тереңдігін, авторлық көзқарас пен кәсіби тәжірибені әзірге толық алмастыра алмайды.

Сарапшының сөзінше, мұндай туындылар Қазақстанда да, әлемде де кәсіби анимация нарығына толыққанды еніп үлгермеген. Себебі мультфильмнің негізінде сценарий, драматургия, кейіпкер мінезі, режиссура, дыбыс, көркемдік шешім мен тұтас шығармашылық концепция жатады. Өндіріс жеделдегенімен, осы міндеттерді атқаратын мамандардың рөлі маңызды болып отыр.

«Жасанды интеллектінің басты артықшылығы – жылдамдық, қолжетімділік және шығармашылық эксперименттерге жол ашуы. Бұрын көп уақыт пен үлкен шығармашылық топты қажет ететін кейбір үдерістерді ЖИ көмегімен әлдеқайда қысқа мерзімде жүзеге асыруға болады. Сонымен қатар жаңа визуалдық стильдерді сынауға, кейіпкерлердің түрлі нұсқаларын жасауға, идеяларды жылдам визуализациялауға мүмкіндік береді. Яғни оны шығармашылық үдерісті жеңілдететін тиімді қосымша құрал ретінде пайдалануға болады», – дейді Майра Фазылқызы.

Сонымен бірге редактор технологияның қарқынды дамуы алдағы уақытта кейбір шығармашылық мамандықтарға сұранысты азайтып, жекелеген кәсіптердің қысқаруына немесе жойылуына әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Демек, балалар контентін көбейту мүмкіндігімен қатар, сол контентті жасайтын кәсіби ортаның болашағы да талқыға түсуде.

«Біз әзірге жасанды интеллектіні тікелей мультфильм өндірісінде қолданып көрген жоқпыз. Алайда бұл технологияның мүмкіндіктерін жіті бақылап, зерттеп отырмыз. Алдағы жоспарларымыздың бірі – 2027 жылы ЖИ технологияларын пайдалана отырып, анимациялық сериал жасау. Бұл жоба біз үшін жаңа технологияның мүмкіндіктерін тәжірибе жүзінде сынап, дәстүрлі анимация мен заманауи құралдарды ұштастыруға жасалған маңызды қадам болмақ», – дейді Майра Жұмабекова.

Оның айтуынша, бірлестік дәстүрлі анимацияның көркемдік және шығармашылық құндылықтарын сақтап, ЖИ артықшылықтарын өндірісте пайдалануды көздейді. Екі тәсілдің мүмкіндігін ұштастыру арқылы сапалы, мазмұнды әрі бәсекеге қабілетті туындылар жасауға ұмтылады.

Балалар контентіне қатысты әңгіменің салмағы да осы тұста артады. Жаңа құрал авторға уақыт үнемдеп береді. Үнемделген уақыт оқиғаны жетілдіруге, қазақша диалогті өңдеуге, кейіпкердің мінезін ашуға жұмсала ма? Мұның жауабы дайын роликтің өзінен көрінуге тиіс. Бала кейіпкердің қалай жасалғанынан бұрын, оның не айтып, қандай әрекетке барғанын көреді. Сондықтан қазақша контенттің көбеюімен бірге, әр туындының мазмұнына қойылатын талап та өсуі керек.

Тэгтер:

жасанды интеллект ЖИ Мультфильм балалар контенті