Үш елде бірдей күшті жер сілкінісі болды

Бүгін, 11:39 / Ахмет Қанатұлы
Фото: GiuliAndreini/UCG/Universal Images Group via Getty Images

18 қарашаға қараған түні Молдова, Украина және Румыния аумағында жер сілкінісі тіркелді. Алдын ала мәлімет бойынша, жерасты дүмпуінің магнитудасы 5,7 болған. Алайда кейбір тұрғындарға магнитудасы 6,5-ке жететін жер сілкінісі туралы ескерту келген, деп хабарлайды Arasha.kz.

Молдовалық Noi басылымының мәліметінше, Румынияның Жер физикасы ұлттық институты сәрсенбіге қараған түні тіркелген жер сілкінісінің алдын ала магнитудасын 5,7 деп бағалаған. Ал Google компаниясының жер сілкінісі туралы автоматты хабарлау жүйесі бастапқыда дүмпудің магнитудасын 6,5 деп көрсеткен. Дегенмен кейінгі сейсмологиялық мәліметтер бұл көрсеткішті растаған жоқ.

Жерасты дүмпулері бір мезгілде бірнеше мемлекеттің тұрғындарын алаңдатқан.

Молдованың TV6 телеарнасы таратқан ақпаратқа сәйкес, жер сілкінісін Молдова тұрғындарымен қатар, Украинаның Одесса облысы мен Румынияның бірқатар өңіріндегі азаматтар сезген.

Украинаның УНИАН агенттігі жер сілкінісінің елдің бірнеше облысында байқалғанын хабарлады. Атап айтқанда, жерасты дүмпулері мына өңірлерде сезілген:

Жер сілкінісінен кейін Румынияның төтенше жағдай қызметтері бірқатар өңірдегі жағдайды тексеруге кіріскен. Құтқарушылар Бузэу, Вранча, Яссы және Васлуй уездерінде, сондай-ақ Бухарест аумағында тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Румыния билігінің бастапқы мәліметіне сәйкес, жер сілкінісіне байланысты 112 жедел қызметіне хабарламалар түспеген. Қазіргі уақытта ғимараттардың зақымдануы немесе адамдардың зардап шегуі туралы расталған ақпарат келтірілмеген.