Қазақстан жасанды интеллектіні енгізуде ғылым мен білімге басымдық береді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
“Жоғары білімнің келешектегі дамуы жасанды интеллект технологияларымен тығыз байланысты болары анық”, – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағанын еске салды. Қазақстан “Жасанды интеллект туралы” заң қабылдап, Цифрлық кодексті бекітті және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құрды.
Президенттің айтуынша, қазақстандық ғалымдар KazLLM және AlemLLM ұлттық тіл модельдерінің негізгі бөліктерін әзірледі. Биыл қазанда жасанды интеллектіні зерттеуге маманданған елдегі алғашқы жоғары оқу орны – Qazaq AI Research University жұмысын бастады.
Студенттердің жасанды интеллект саласындағы дағдыларын дамыту үшін AI-Sana бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға және ғылыми зерттеулерге сүйенетін DeepTech стартаптарын қолдауға бағытталған.
Тоқаев Қазақстанның жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуға бағытталған “Вашингтон моделін” қолдағанын да айтты. Президенттің сөзінше, бұл модель БҰҰ аясында жасанды интеллектіні реттеудің ортақ ережелерін әзірлеуге негіз болады.