Қарағанды облысында балық аулауға шыққан үш адам мұз астына түсіп қаза тапты

19 қараша, 2026 / Альфия Адамбек
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Қарағанды облысында балық аулауға кеткен екі ер адам мен бір әйел суға батып көз жұмды. Құтқарушылар олардың денесін түнгі іздестіру кезінде тапты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, үшеуі 17 қараша күні таңғы сағат 06:00 шамасында Бородиновка ауылынан 15 шақырым жердегі өзенге балық аулауға шыққан. 1959 және 1963 жылы туған екі ер адам мен 1963 жылы туған әйел сол күні үйіне оралмаған.

Олардың жоғалғаны туралы хабар құтқарушыларға сағат 23:40-та түскен. Іздестіру кезінде дрон, жылу камерасы, сүңгуір жабдықтары және Starlink спутниктік байланыс жүйесі қолданылған.

18 қарашада сағат 01:18-де құтқарушылар үш адамның денесін судан алып шықты. ТЖД мәліметінше, олар жағадан 10 метр жерде, 2,5 метр тереңдіктен табылған.

Алдын ала дерек бойынша, үшеуі де мұз астына түсіп, суға батқан. Марқұмдардың ешқайсысында құтқару кеудешесі болмаған.

Тэгтер:

Қарағанды мұз Облыс айдын