Астанада қар аралас жаңбыр жауады: 20 қарашада ауа райы қандай болады?

Бүгін, 09:33 / Ахмет Қанатұлы
Фото: pixabay.com

20 қарашада Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа температурасы жоғарылайды. Алайда елдің батысы мен солтүстігінде жауын-шашын күтіледі. Астанада қар аралас жаңбыр жауып, жолдарда көктайғақ болуы мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kz.

Синоптиктердің болжамынша, жұма күні еліміздің басым бөлігінде құбылмалы бұлтты ауа райы сақталады. Кей өңірлерде жаңбыр жауса, оңтүстік аймақтарда күн біршама жылы болады.

Астанада түнде ауа температурасы -2…-4 градусқа дейін төмендейді. Ал күндіз +3…+5 градусқа дейін жылынады. Елордада қар аралас жаңбыр жауып, жел секундына 3-8 метр жылдамдықпен соғады. Температураның ауытқуына байланысты жолдарда көктайғақ пайда болуы ықтимал.

Алматыда жауын-шашын күтілмейді. Түнде +4…+6 градус болса, күндіз ауа температурасы +13…+15 градусқа дейін көтеріледі.

Шымкентте күн жылы болады. Ауа температурасы түнде +9…+11, күндіз +18…+20 градусқа жетеді. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшеюі мүмкін.

Ақтөбеде бұлтты ауа райы сақталып, жаңбыр жауады. Түнде -1…-3 градус, күндіз +4…+6 градус болады. Ал Атырауда түнде +4…+6, күндіз +8…+10 градус жылылық күтіледі.

Қарағандыда күндіз ауа температурасы +3…+5 градусқа жетеді. Түнде -1…-3 градусқа дейін салқындайды.

Көкшетауда түнде -8…-10 градус аяз болады. Күндіз ауа температурасы 0…-2 градус шамасында сақталады.

Қостанайда түнде -6…-8 градус, күндіз 0…+2 градус күтіледі. Осындай температура Павлодар мен Петропавл қалаларында да болжанып отыр.

Қызылордада күндіз +13…+15 градусқа дейін жылынады. Жауын-шашын күтілмейді.

Таразда ауа температурасы +19…+21 градусқа дейін көтеріліп, еліміздегі ең жылы қалалардың бірі болады. Дегенмен желдің екпіні секундына 20 метрге дейін жетуі мүмкін.

Түркістанда күндіз +16…+18 градус, ал Талдықорғанда +12…+14 градус жылылық болжанады.

Тэгтер:

ауа райы ауа райы болжамы