"Келешек ұрпақтың қамы": Тоқаев жаңа бастаманың мәнін түсіндірді

20 қараша, 2026 / Ахмет Қанатұлы
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Халықтық құрылыс" бағдарламасының маңыздылығына тоқталып, оның басты мақсаты болашақ ұрпақтың игілігі үшін елдегі инфрақұрылымды дамыту екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Президент ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында сөйлеген сөзінде «Халықтық құрылыс» бастамасының бүкіл ел үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жоба тек жаңа ғимараттар мен нысандар салуды ғана емес, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуды және қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыруды көздейді.

"Халықтық құрылыс" деген атауында тұрғандай, бұл жоба халықтың игілігін көздейді, барлық азаматты жасампаз іске жұдырықтай жұмылдырады", – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев бағдарламаның келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілікпен тікелей байланысты екенін жеткізді.

"Бұл – шын мәнінде келешек ұрпақтың қамы үшін қолға алған жалпыұлттық міндет", – деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы қазіргі халықаралық жағдайдағы тұрақсыздық пен экономикалық сын-қатерлерге де назар аударды. Оның пікірінше, осындай кезеңде Қазақстан үшін ең маңызды міндеттердің бірі – елдің инфрақұрылымын дамыту арқылы экономикалық тұрақтылық пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

«Құбылмалы әрі тұрақсыз әлемнің күрделі сын-қатерлеріне біздің лайықты жауабымыз – "Құрылыс және тағы да құрылыс!", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент геосаяси және экономикалық белгісіздік жағдайында елдің ішкі мүмкіндіктерін нығайту маңызды екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы "Халықтық құрылыс" аясында ауылдық жерлерді дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Атап айтқанда, ауыл тұрғындарына, шаруаларға және агроөнеркәсіп кешендеріне қажетті инфрақұрылым нысандарын салу қарастырылған. Бұл бастама ауыл шаруашылығы саласының дамуына жағдай жасап, өңірлердегі инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге бағытталмақ.

Тэгтер:

Қасым-Жомарт Тоқаев