Тоқаев Үкіметке ауылды қолдау бағдарламаларын тексеріп, шаруаларды қаржыландыруды жетілдіруді тапсырды

20 қараша, 2026 / Альфия Адамбек
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ауылды қолдау бағдарламаларының тиімділігін бағалап, шаруаларға арналған жаңа қаржыландыру тетіктерін ұсынуды тапсырды. Ол бұл туралы 20 қарашада Астанада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бір күн бұрын жоғары оқу орындарының өкілдерімен кездескен Мемлекет басшысы бұл жолы ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне елдің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтты. Ол ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға жағдай жасау керегін атап өтті. 

173 миллиард теңгенің нәтижесі қандай?

Тоқаев соңғы жылдары атауы бөлек болғанымен, мазмұны ұқсас бағдарламалар көбейгенін айтты. Ол “Ауыл аманаты”, “Ауыл – ел бесігі”, “Кең дала”, “Береке”, “Жайлау”, “Игілік” және “Сыбаға” бағдарламаларын мысалға келтірді. Президенттің айтуынша, Үкімет әр бағдарламаның мақсатын, бюджет қаржысының қаншалықты тиімді жұмсалғанын және ауыл тұрғындарына қандай пайдасы тигенін анықтауы керек. 

Сала министрлігінің дерегінше, 2025 жылы “Ауыл – ел бесігі” аясында 500-ге жуық ауылда жалпы құны 173 миллиард теңге болатын 921 жоба іске асырылған. Тоқаев осы көрсеткіштердің шынайылығын және атқарылған жұмыстың нақты нәтижесін тексеру қажет екенін айтты. 

Шаруалар өнімін неге арзанға сатуға мәжбүр?

Үкімет “Бәйтерек” холдингімен және қаржы нарығын реттейтін органдармен бірлесіп, 2027 жылғы наурыздың соңына дейін аграрлық секторға арналған инвестиция тарту мен қаржыландырудың бірыңғай тетіктерін ұсынуға тиіс. Президент несие төлеу кестесін шаруашылықтың өндіріс мерзіміне бейімдеуді ұсынды. Оның айтуынша, кей шаруалар несиенің алғашқы төлемін өтеу үшін жиған өнімін бірден арзанға сатып жібереді. Тоқаев Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы мәселені шешуді тапсырды. 

Мемлекет басшысы Қазақстанның ауыл шаруашылығына, көрші елдерді қоса алғанда, көптеген мемлекетпен салыстырғанда қомақты қаржы бөліп отырғанын айтты. Ол шаруаларды мемлекеттік қолдауға ғана иек артпай, бөлінген қаражатты мақсатына сай әрі тиімді пайдалануға шақырды. 

Тоқаев қуаңшылық, үсік пен мал ауруы шаруалардың бірнеше жылғы еңбегін зая кетіруі мүмкін екенін де еске салды. Осыған байланысты ол шаруаларды мұндай тәуекелдерден алдын ала ерікті түрде сақтандыруға ынталандыратын шаралар әзірлеу қажет екенін айтты.

Тэгтер:

президент бағдарлама ауыл шаруашылығы