Грузия астанасы Тбилисиде бес қабатты тұрғын үйде газ жарылып, алты адам көз жұмды. Қаза тапқандардың екеуі – бала. Грузия үкіметі 22 қарашаны ұлттық аза тұту күні деп жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жарылыс 19 қараша күні таңертең Тбилисидің шетіндегі Квемо-Поничала ауданында болған. Грузия Ішкі істер министрлігінің алдын ала мәліметінше, бесінші қабаттағы пәтерде газ жылытқышы істен шығып, газ жиналып қалған. Жарылыстан үйдің бір бөлігі опырылып түсті.
Құтқарушылар үйінді астынан үш жасар қызды аман алып шықты. Зардап шеккен бес адам ауруханаға жеткізілді. Олардың бірінің жағдайы ауыр.
Грузия Ішкі істер министрлігі жарылысқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Аза тұту күні ел аумағында мемлекеттік тулар төмен түсіріледі.