Ақтауда үйлену тойының қонақтары арасында төбелес шығып, полиция алты күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға 21 қарашадан 22 қарашаға қараған түні қаланың 31Б шағынауданындағы мейрамханалардың бірінде болған. Маңғыстау облысының полиция департаментінің мәліметінше, той үстінде қонақтар сөзге келіп, кейін төбелескен.
Әлеуметтік желіде мейрамхана алдына бірнеше патруль көлігі жиналған сәттің видеосы тарады. Кадрлардан полиция қызметкерлерінің бірнеше ер адамды ұстап жатқанын көруге болады. Полиция төбелеске қатысы бар адамдарды анықтап, оларды Ақтау қаласының полиция басқармасына жеткізген.
Полиция бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Ведомствоның мәліметінше, оқиғадан кейін медициналық көмекке ешкім жүгінбеген.