Ақтөбеде мектеп бухгалтерлері 82 миллион теңгені жымқырған

Бүгін, 13:33 / Ахмет Қанатұлы
Бухгалтер. Фото: pexels.com

Ақтөбе облысында мектеп қызметкерлерінің жалақысына бөлінген 82 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталды. Аталған іске қатысы бар үш бухгалтер сотталды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, заңбұзушылық Шалқар ауданында анықталған. Аудан прокуратурасы бюджет қаражатының жұмсалу заңдылығына талдау жүргізіп, мектеп қызметкерлерінің еңбекақысына бөлінген миллиондаған теңгенің заңсыз иемденілгенін әшкерелеген. Тексеру барысында №5 мектеп-лицейінің бас бухгалтері екі әріптесімен бірге бірнеше жыл бойы бюджет қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырғаны белгілі болды.

Прокуратура мәліметінше, заңсыз әрекеттер 2021-2024 жылдар аралығында жасалған. Мектептің бас бухгалтері өзге бухгалтерлермен бірлесіп, білім беру мекемесі директорының электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдаланған. Олар осы арқылы қызметкерлердің жалақысын белгіленген мөлшерден артық есептеп, есепшоттарына аударып отырған. Ал артық ақша алған қызметкерлер қаражатты қолма-қол шешіп, бухгалтерлерге қайтарып берген.

Бірнеше жыл ішінде мемлекет бюджетіне 82 миллион теңгеден астам шығын келтірілген.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалған.

Шалқар аудандық соты істі қарап, үш бухгалтерді кінәлі деп таныды. Сот үкіміне сәйкес, мектептің бас бухгалтері 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның екі әріптесіне 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сотталғандардың барлығына 10 жыл бойы бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Алайда олардың кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты сот тағайындалған жазаны өтеуді кейінге қалдырған.

Тэгтер:

Ақтөбе бухгалтер