Жамбыл облысының бұрынғы әкімі, "Қазселденқорғау" мекемесінің экс-басшысы Кәрім Көкірекбаевты жазасын одан әрі өтеуден босату туралы сот қаулысы қабылданды. Алайда прокуратура бұл шешімге қарсы шығып, оның күшін жоюды талап етті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Алматы облысы прокуратурасының мәліметінше, 17 қарашада Алатау қалалық соты Кәрім Көкірекбаевтың жазасын өтеуіне қатысты мәселені қараған. №57 түзеу мекемесінің әкімшілігі сотқа бұрынғы шенеунікті денсаулығына байланысты жазасын одан әрі өтеуден босату туралы ұсыныс енгізген. Сот бұл өтінішті қанағаттандырып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 75-бабына сәйкес Көкірекбаевты ауыр науқастануына байланысты жазадан босату туралы қаулы қабылдаған.
Алматы облысының прокуратурасы сот қаулысының әлі заңды күшіне енбегенін мәлімдеді.
"Аталған сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ. Қазіргі уақытта прокуратура органдары аталған сот актісінің күшін жою туралы жеке өтінішхат келтірді", – деп хабарлады қадағалаушы орган.
Прокуратураның өтінішхаты қаралғаннан кейін сот қаулысының күшінде қалатыны немесе жойылатыны белгілі болады.
Кәрім Көкірекбаев не үшін 12 жылға сотталды?
Еске сала кетейік, 2025 жылғы шілдеде Кәрім Көкірекбаев аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Қылмыстық іс бойынша барлығы үш адам жауапқа тартылған. Сот Көкірекбаев пен тағы бір лауазымды тұлғаның алдын ала сөз байласып, жауапкершілігі шектеулі серіктестік директорынан пара алғанын анықтаған.
Тергеу және сот материалдарына сәйкес, заңсыз сыйақы орындалған жұмыстардың актілеріне кедергісіз қол қою үшін берілген.