Бір дөңгелектің кесірінен бес көлік соқтығысты: Теміртау маңында үлкен жол апаты болды

Бүгін, 15:17 / Ахмет Қанатұлы
Видеодан кадр: instagram.com/temirtau.today

Қарағанды облысында бір автокөліктің дөңгелегі жарылып, салдарынан бірнеше көлік жол апатына ұшырады. Оқиға Астана – Қарағанды тасжолында болған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жол-көлік оқиғасы 22 қараша күні сағат 18:30 шамасында Астана – Қарағанды автожолының 185-шақырымында, Теміртау қаласының маңында тіркелген. Оқиға орнында түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде тарады. Кадрлардан тасжолда бірнеше автокөліктің соқтығысқанын көруге болады.

Қарағанды облыстық полиция департаменті жол апатының мән-жайын түсіндірді. Полицияның алдын ала мәліметіне сәйкес, Қарағанды бағытында келе жатқан Kia K5 автокөлігінің Қаршоссе көпірі маңында алдыңғы дөңгелегі жарылған.

Осыдан кейін артта келе жатқан жүргізушілер көліктерін шұғыл тежеуге мәжбүр болған. Соның салдарынан Changan, Toyota, Jetour, Haval және Hyundai маркалы көліктердің қатысуымен үш бөлек жол-көлік оқиғасы тіркелген.

"Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа Теміртау жақтан келе жатқан Kia K5 автокөлігіндегі ақау себеп болған. Қаршоссе көпірі аумағында көліктің алдыңғы дөңгелегі жарылған. Соның салдарынан артынан келе жатқан көліктердің жүргізушілері шұғыл тежеуді басуға мәжбүр болған, осыдан кейін Changan, Toyota, Jetour, Haval және Hyundai көліктері соқтығысып, үш бөлек жол-көлік оқиғасы тіркелді", – деп хабарлады полиция.

Абырой болғанда, жол апаттары салдарынан ешкім қаза таппаған және зардап шекпеген. Қазіргі уақытта полиция барлық дерек бойынша тексеру жүргізіп, оқиғаның нақты мән-жайын анықтап жатыр.

Тэгтер:

көлік жол апаты Теміртау