Қытайда пара алған бұрынғы шенеунік өлім жазасына кесілді

Бүгін, 19:09 / Ахмет Қанатұлы
Фото: pexels.com

Қытайда Чжэцзян провинциясы губернаторының бұрынғы орынбасары Гао Синфу аса ірі көлемде пара алғаны үшін өлім жазасына кесілді. Алайда сот жазаның орындалуын екі жылға кейінге қалдырды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қытайдың орталық телевизиясы таратқан мәліметке сәйкес, үкімді Цзянси провинциясының Ичунь қаласындағы орта сатыдағы халық соты шығарған.

Гао Синфу бұған дейін Чжэцзян провинциясы губернаторының орынбасары, сондай-ақ провинцияның Халық өкілдері жиналысы тұрақты комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.

Сот материалдарына сәйкес, Гао Синфу 2004-2025 жылдар аралығында түрлі мемлекеттік қызметтерді атқара жүріп, лауазымдық өкілеттігін жеке пайдасына пайдаланған. Осы кезеңде оның заңсыз алған қаражаты 28,9 миллион доллардан, яғни 13 миллиард теңгеден асқан. Сот бұрынғы шенеунікті пара алу ісі бойынша кінәлі деп танып, ең ауыр жаза тағайындаған.

"Цзянси провинциясы Ичунь қаласының орта сатыдағы халық соты Чжэцзян провинциясы ХӨЖ ТК төрағасының бұрынғы орынбасары Гао Синфуға қатысты пара алу ісі бойынша көпшілік алдында үкім шығарды. Сотталушы өлім жазасына кесілді, жаза екі жыл мерзімге шегерілген", – делінген хабарламада.

Тергеу және сот барысында Гао Синфу кінәсін мойындап, құқық қорғау органдарына көмектескен. Сот осы мән-жайларды ескеріп, өлім жазасының орындалуын екі жылға кейінге қалдыру туралы шешім қабылдаған. Сонымен қатар бұрынғы шенеунік өмір бойына саяси құқықтарынан айырылды. Оның барлық мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленеді.

Қытай заңнамасында өлім жазасын екі жылға кейінге қалдыру тәртібі қарастырылған. Бұл жаза міндетті түрде екі жылдан кейін орындалады дегенді білдірмейді. Заңда белгіленген шарттар орындалған жағдайда жаза өмір бойына бас бостандығынан айыруға ауыстырылуы мүмкін.

Тэгтер:

Қытай шенеунік