Әзербайжан астанасы Бакуде 23 жастағы суретші Гүляра Мехтиева пышақ жарақатынан ауруханада көз жұмды. Оны өлтірді деген күдікпен 18 жастағы інісі Айхан Мехтиев ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, екеуі Гүляраның әлеуметтік желіге салған суреттеріне байланысты сөзге келген, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға 16 қарашада Бакудің Бинагади ауданындағы Хамза Бабашов көшесінде орналасқан пәтерде болған. 1news.az басылымының жазуынша, Айхан сабақтан үйге оралған соң әпкесінің желіге салған суреттері мен олардың бірінің астына бейтаныс жігіттер жазған пікірлерге наразылық білдірген. Ол суреттерді өшіруді талап еткен, ал Гүляра бұған келіспеген.
Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, жанжал кезінде Гүляра пышақ жарақатын алған. Дауыс естіген көршілер пәтерге келіп, жедел жәрдем шақырған. Ауыр халде ауруханаға жеткізілген суретшінің өмірін дәрігерлер сақтап қала алмады.
Гүляра мен Айханның әкесі бір, аналары бөлек. Гүляра сурет салумен айналысып, жұмыстарын әлеуметтік желіде бөліскен. Oxu.az басылымының мәліметінше, күдікті Әзербайжан спорт академиясында оқиды.
Бинагади аудандық прокуратурасы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Baku TV хабарлауынша, күдікті алғашқы жауабында қызғаныштан әрекет еткенін айтқан. Оқиғаның мән-жайы тергеліп жатыр.