Қызылорда мен Жезқазған арасындағы жол толық жаңарды

Бүгін, 22:57 / Ахмет Қанатұлы
Gov.kz

Қазақстанның оңтүстігі мен орталығын байланыстыратын «Қызылорда – Жезқазған» автожолының реконструкциясы толық аяқталды. Жалпы ұзындығы 400 шақырымға жуық жолдың соңғы 208 шақырымдық учаскесінде де көлік қозғалысы ашылды.

Жоба аясында 1,3 млн тонна асфальт төселіп, төрт көпір, 78 су өткізу құбыры және мал айдап өтуге арналған 18 өткел салынды. Құрылысқа 1 200-ге жуық маман мен 800 техника жұмылдырылды.

Енді бұл бағытта жол жүру уақыты екі есеге қысқарады деп күтілуде. Жаңарған тасжол жолаушылар мен жүк тасымалын жеңілдетіп, Қызылорда мен Жезқазған арасындағы экономикалық және көлік байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.

Қызылорда – Жезқазған автожолын реконструкциялау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды. Президент 2026 жылдың соңына дейін жолдың бүкіл ұзындығы бойынша көлік қозғалысын ашуды тапсырған болатын.

Қазақта «жол – ырыстың бастауы, берекенің арқауы» деген аталы сөз бар. Бүгін баршамыз үшін тарихи әрі көптен күткен қуанышты күн. Еліміздің оңтүстігі мен орталығын, қасиетті Сыр елі мен киелі Ұлытау өңірін тікелей байланыстыратын жол ашылды. Біз, Ұлытау аймағының тұрғындары, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы наурыздағы Жолдауын есінде мәңгі сақтайды деп ойлаймын. Өйткені 25 жылдай ажырап қалған Ұлытау облысын қайтадан құрып беруі және сол Жолдауында елімізде саяси-экономикалық реформаларды жүйелі жүргізетінін айтқан еді. Міне содан бері сол өзгерістердің нәтижесін көріп келеміз. Бүгінгі Жезқазған мен Қызылорданы біріктіретін күре жолдың ашылуы – сол реформалардың бір айғағы. Келесі жыл «халықтық құрылыс» жылы деп жарияланды, ал құрылыс экономиканың локомотиві, лайым солай болғай! – Қазақмыс ЖСШ ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жезқазған қаласының құрметті азаматы Төлеген Бүкіров.