Қазақстанда баспана сатып алуды жоспарлаған азаматтардың көпшілігін ипотека алу үшін қанша табыс қажет екені қызықтырады. Мәселен, құны 30 миллион теңге болатын пәтерді несиеге рәсімдеу үшін ай сайын қанша ақша табу керек? Бұл сұраққа жауап беру үшін ипотеканың бастапқы жарнасы, пайыздық мөлшерлемесі және ай сайынғы төлем мөлшерін салыстырып көрейік, деп Arasha.kz тілшісі Krisha.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ипотека рәсімдегенде банктер ең алдымен қарыз алушының төлем қабілеттілігіне назар аударады. Әдетте соңғы алты айдағы ресми табысы, зейнетақы аударымдары және қолданыстағы несиелері тексеріледі. Жалпы қағида бойынша, азаматтың барлық кредитіне жұмсайтын ай сайынғы төлемі табысының жартысынан аспауы тиіс.
Мысалы, ипотекаға ай сайын 400 мың теңге төлеу қажет болса, қарыз алушының ресми табысы кемінде 800 мың теңге болғаны жөн. Ал басқа несиелері бар азаматтарға бұдан да жоғары жалақы қажет болуы мүмкін.
30 миллион теңгелік пәтер үшін қанша ақша жинау керек?
Нарықтық ипотека шарттарында бастапқы жарна көбіне тұрғын үй құнының 15-20 пайызы болады. Демек, 30 миллион теңгелік пәтер сатып алу үшін азаматтың қолында кемінде 4,5-6 миллион теңге болуы қажет. Қалған 24-25,5 миллион теңге ипотекалық несие ретінде рәсімделеді.
Krisha.kz келтірген есепке сәйкес, нарықтық ипотекалардың пайыздық мөлшерлемесі шамамен 21,5-24,5 пайыз аралығында. Осындай шарттарда 15-20 жылға рәсімделген ипотеканың ай сайынғы төлемі шамамен 361 мыңнан 463 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл дегеніміз, 30 миллион теңгеге пәтер алу үшін ресми айлық табыс шамамен 722 мыңнан 926 мың теңгеге дейін болуы керек.
Алайда бұл тек алдын ала есеп. Нақты төлем мөлшері бастапқы жарнаға, несие мерзіміне, пайыздық мөлшерлемеге және қарыз алушының қаржылық жағдайына байланысты өзгереді.
Айлығы 300 мың теңге болса, ипотека алуға бола ма?
Табысы салыстырмалы түрде төмен азаматтар үшін тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы баспана алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жағдайда пайыздық мөлшерлеме төмен болғанымен, пәтер құнының жартысын алдын ала жинау қажет.
Мәселен, 30 миллион теңгелік пәтер үшін 15 миллион теңге жинақталған болса, қалған соманы төмен пайызбен несиеге рәсімдеуге мүмкіндік бар.
Егер жылдық мөлшерлеме 4,2 пайыз болса, ай сайынғы төлем шамамен 153 мың теңгені құрайды. Мұндай жағдайда талап етілетін ресми табыс 306 мың теңгеден басталуы мүмкін. Бірақ мұндай шартпен бірден несие алу мүмкін емес. Тұрғын үй жинақ жүйесінде қаражатты белгілі бір мерзім бойы жинап, қосымша талаптарды орындау қажет. Ал жоғарырақ мөлшерлемемен берілетін аралық несие кезінде ай сайынғы төлем шамамен 212,5 мың теңгеге жетуі мүмкін. Бұл үшін кемінде 425 мың теңге ресми табыс қажет.
Пәтер сатып алғанда тағы қандай шығындар болады?
Ипотека рәсімдеу үшін бастапқы жарна мен ай сайынғы төлемді есептеу жеткіліксіз. Баспана сатып алғанда қосымша шығындар да туындайды. Оларға пәтерді бағалау, нотариалдық қызмет, меншік құқығын тіркеу және сақтандыру төлемдері жатады.
Жарияланған есеп бойынша, бұл шығындарға шамамен 300 мың теңге қажет болуы мүмкін. Кейбір ипотекалық өнімдерде несие рәсімдеу комиссиясы да қарастырылған. Оның мөлшері қарыз сомасының 1–2 пайызына дейін жетуі ықтимал. Мысалы, 24 миллион теңге несие алған жағдайда 2 пайыздық комиссия 480 мың теңгені құрайды. Сондықтан баспана сатып алуды жоспарлаған азаматтар барлық шығынды алдын ала есептегені дұрыс.
Ипотекаға кірмес бұрын нені ескеру керек?
Мамандар ай сайынғы ипотека төлемінен бөлек, отбасының күнделікті шығындарына да жеткілікті қаражат қалуы керектігін ескертеді. Әсіресе азық-түлік, коммуналдық қызмет, жолақы және күтпеген шығындарды назардан тыс қалдырмаған жөн. Сонымен қатар кемінде бір-екі айлық ипотека төлеміне жететін қаржылық қор жинап қою пайдалы.
Қорытындылай келе, 30 миллион теңгеге пәтер сатып алу үшін нарықтық ипотека шарттарында ай сайын шамамен 700-950 мың теңге ресми табыс қажет болуы мүмкін. Ал тұрғын үй жинақ жүйесінде табысқа қойылатын талап төменірек болғанымен, баспана құнының жартысын алдын ала жинау шарт.
Ең бастысы, ипотека аларда тек банктің несие беруге дайындығын емес, отбасының алдағы жылдардағы қаржылық мүмкіндігін де ескеру қажет.