Голливудтың әйгілі актері Стив Маккуинге тиесілі болған 1967 жылғы Ferrari 275 GTB/4*S NART Spider автокөлігі аукционда 18,9 миллион долларға сатылды. Әлемде небәрі 10 данасы шығарылған сирек модель коллекционерлер арасында жоғары бағаланып отыр, деп Arasha.kz тілшісі Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Сауда-саттық Нью-Йоркте өткен Rétromobile көрмесі аясында Gooding Christie’s аукцион үйінің ұйымдастыруымен өтті. Автомобиль бастапқыда 10 миллион долларға бағаланып, сауда барысында оның құны 17,2 миллион долларға дейін көтерілген. Ал сатып алушы төлейтін комиссияны есептегенде түпкілікті баға 18,9 миллион долларға жетті.
Аукционда сатылған автомобильдің алғашқы иесі – америкалық актер әрі автожарысқа қатысқан Стив Маккуин. Ол Ferrari 275 GTB/4*S NART Spider моделін 1967 жылы сатып алған. Көліктің шасси нөмірі – 10453. Бұл автомобильдің ерекшелігі – оның өте шектеулі мөлшерде шығарылуы. Ferrari аталған модельден бар болғаны 10 дана өндірген. Сондықтан бүгінгі таңда мұндай көліктер автомобиль коллекционерлері үшін сирек кездесетін құнды жәдігер саналады.
Ferrari зауыттан Blu Sera деп аталатын көк түспен шыққан. Оның салоны қара түсті былғарымен әрленген. Алайда Стив Маккуин көлікті сатып алғаннан кейін өз талғамына сай өзгертулер енгізген. Актер автомобильдің сыртын қою металлик көк түске боятып, ішкі жабдықтарын жаңартқан. Сонымен қатар бамперлерін алып тастап, орталық консольге радиоқабылдағыш орнатқан. Бір қызығы, Ferrari сатып алынғаннан кейін көп ұзамай жол апатына ұшыраған. Кептелісте тұрған көлікті артынан басқа автомобиль соққан. Кейін Ferrari қалпына келтірілген.