Смартфон суға түсіп кетсе, не істеу керек?

Бүгін, 21:44 / Альфия Адамбек
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Смартфонның суға түсіп кетуі немесе үстіне сусын төгілуі – жиі кездесетін тұрмыстық жағдайлардың бірі. Мұндайда көпшілік телефонды күрішке салып немесе шаш кептіргішпен құрғатуға тырысады. Алайда бұл әрекеттер құрылғыны одан әрі зақымдауы мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ең бірінші не істеу керек?

Смартфонды судан шығарған бойда өшіру қажет. Телефон жұмыс істеп тұрғанымен, оның ішіне енген ылғал қысқа тұйықталуға себеп болуы мүмкін.

Құрылғының қаптамасын шешіңіз.

Сыртындағы суды жұмсақ әрі құрғақ шүберекпен сүртіңіз.

Қуаттау ұясын төмен қаратып ұстаңыз.

Телефонды ауа айналымы жақсы, құрғақ жерге қойыңыз.

Толық құрғағанша қуаттағышқа қоспаңыз.

Телефонды күрішке салуға бола ма?

Суға түскен смартфонды күрішке салып қою – халық арасында кең тараған әдіс. Алайда Apple компаниясы мұндай тәсілді қолданбауға кеңес береді. Себебі күріштің ұсақ бөлшектері телефонның қуаттау ұясына кіріп, оны зақымдауы мүмкін.

Одан бөлек, күріш құрылғының ішкі бөліктеріндегі ылғалды толық кетіре алмайды.

Шаш кептіргішпен құрғату неге қауіпті?

Ыстық ауа смартфонның аккумуляторына, экранына және ішкі бөлшектеріне зиян келтіруі ықтимал. Сондықтан телефонды жылытқыштың үстіне, күннің астына қоюға немесе фенмен кептіруге болмайды. Бөлме температурасында табиғи жолмен құрғатқан дұрыс.

Телефон қанша уақытта кебеді?

Apple мәліметінше, қуаттау ұясындағы ылғалдың толық кебуіне 24 сағатқа дейін уақыт қажет болуы мүмкін. Алайда смартфон толығымен суға батқан жағдайда бұл уақыт жеткіліксіз болуы ықтимал.

Телефонның сырты құрғақ көрінгенімен, ішкі бөлшектерінде ылғал сақталып қалуы мүмкін. Сондықтан құрылғыны бірден қосып, жұмысын тексеруге асықпаған жөн.

Суға төзімді смартфон да бұзыла ма?

IP67 немесе IP68 қорғаныс деңгейі бар смартфондар да судан толық қорғалмаған. Уақыт өте келе, әсіресе телефон құлаған немесе жөндеуден өткен жағдайда, оның суға төзімділігі төмендеуі мүмкін.

Ал тұзды су, шай, кофе және газдалған сусындар құрылғының ішкі бөлшектерін тотықтырып, зақымдауы ықтимал.

Сондықтан смартфон суға толық батып кетсе, оны өшірілген күйінде жөндеу орталығына жеткізген дұрыс. Кейде ылғалдың салдары бірден емес, бірнеше күннен кейін байқалады.

Тэгтер:

смартфон ақпарат телефонсуғатүссенеістейміз телефонсу күрішкесалу