Президент Халықтық құрылыс бойынша мемлекеттік комиссияның құрамын бекітті

Бүгін, 10:16 / Ахмет Қанатұлы
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Халықтық құрылыс" инфрақұрылымдық жаңғырту бағдарламасына бөлінген қаражаттың жұмсалуын қадағалайтын мемлекеттік комиссияның құрамын бекітті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Президент тиісті Жарлыққа қол қойды. Құрылған комиссия бағдарламаның тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп, мемлекет қаражатының мақсатсыз немесе тиімсіз жұмсалуына жол бермеу бағытында жұмыс істейді.

Ақорданың мәліметінше, мемлекеттік комиссия инфрақұрылымдық жобаларды жоспарлаудан бастап, құрылыс нысандарын пайдалануға беруге дейінгі барлық жұмысты қадағалайды.

Атап айтқанда, комиссия мемлекеттік сатып алулардың белгіленген мерзімде өткізілуін, олардың құнын және заң талаптарына сәйкестігін тексереді. Сонымен қатар тәуекелі жоғары жобаларды анықтап, кемшіліктерді жоюға бағытталған шараларды әзірлейді.

Бағдарламаның жүзеге асырылу барысы тұрақты бақылауда болады. Жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша Мемлекет басшысына тоқсандық және жылдық есеп ұсынылады.

Мемлекеттік комиссияның жұмыс органы ретінде Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы белгіленді.

Жаңа комиссияның құрамына уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары, Құрылтай депутаттары мен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері енгізілді. Сондай-ақ комиссия жұмысына журналистер, қоғам қайраткерлері, сарапшылар, өңірлер мен бизнес қауымдастық өкілдері қатысады.

Ақорда мәліметінше, қабылданған шаралар "Халықтық құрылыс" бағдарламасы аясындағы жобалардың уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуге, бюджеттік тәуекелдерді азайтуға және бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуын бақылауға бағытталған.

Тэгтер:

Қасым-Жомарт Тоқаев