Серікбол Хасан: ЖИ арқылы жазылған шығармада жан болмайды

Бүгін, 11:25 / Камила Дүйсен
Жеке архив

– Балалар әдебиетіне қолдау жоқ дей алмаймыз. Дегенмен бұл қолдау қаншалықты жеткілікті?

– Шүкір, қазір мемлекет тарапынан да, жекелеген мекемелер тарапынан да балалар әдебиетіне қолдау жасалып жатыр. «Айбоз», «Алтын қалам» секілді байқауларда «Балалар әдебиеті» аталымы бар. Жыл сайын жас қаламгерлерге Президенттің арнаулы әдеби сыйлық тағайындалады. Осы әдеби сыйлықта да «Балалар әдебиеті» номинация бар. Сондай-ақ мемлекет тарапынан балаларға арналған кітаптар да шығып жатыр. Осының бәрі де – балалар әдебиетіне көрсетіліп жатқан қолдаудың бір парасы. 

Алайда мәселе қолдаудың бар-жоғында емес, оның ауқымында, жүйелілігінде және нәтижелілігінде. Бүгінгі қолдау балалар әдебиетінің дамуына, қаламгерлердің шығармашылық әлеуетін арттыруға, жас оқырманның сұранысын қанағаттандыруға ықпал етіп жатыр ма? Осы жағын көбірек ойлану қажет. Қазақ балалар әдебиетінің үздік туындыларын шет тілдеріне аудару, халықаралық кітап көрмелерінде таныстыру секілді жұмыстар жиі жасалғаны дұрыс. Балалар әдебиетіне науқандық қолдау емес, жүйелі мемлекеттік саясат қажет. Өйткені балалар әдебиеті – әдебиеттің бір саласы ғана емес, ұлттың болашақ буынының дүниетанымын, тілдік қорын, ұлттық санасын қалыптастыратын маңызды рухани институт. Бұл мәселеге сол тұрғыдан қарасақ, нағыз қолдау сол болар еді.

– Әлемдік балалар шығармаларының аудармасы қазіргі кезде отандық авторларға қарағанда сұранысқа ие екенін байқаймыз? Мұның себебін қалай түсіндірер едіңіз?

– Ол рас, бұл бағытта да жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Шетелдік шығармаларды аударып, жас оқырмандарға ұсыну, әлбетте, қажетті жұмыс. Алайда олар отандық авторлардың орнын баса алмайтынын түсінуіміз қажет. Мәселен, жыл сайын баспалар арасында «Ұлттық кітап» байқауы өткізіліп келеді. Сонда байқағаным, «Ұлттық кітап» байқауының «Үздік комикс», «Үздік иллюстрация» секілді аталымдары бойынша ірі халықаралық байқаулардан жүлде алған, бірнеше рет үлкен таралыммен басылған шетелдік авторлардың мәшһүр кітаптары жүлде алып жүр. 

Менің ойымша, шетелдік кітаптар ешуақытта ұлттық кітап бола алмайды. Әлбетте әлемдік балалар әдебиетінің аудармаларына елімізде сұраныс жоғары. Ол әрине түсінікті, себебі шетелдік кітаптардың иллюстрациясында, дизайнында тартымдылық бар. Алайда мынаны ескеру керек: шетелдік аудармаларға деген сұраныстың жоғары болуы отандық авторлардың шығармалары сапасыз дегенді білдірмейді. Сондықтан бұл мәселені әдебиеттің мазмұны тұрғысынан ғана емес, кітап индустриясының даму деңгейі тұрғысынан да қарастыруымыз керек. 

Бізде көбіне әлемдік балалар әдебиетінің әбден іріктелген, сұрыпталған, оқырман сынынан өткен үздік туындылары аударылып жүр. Сол себепті отандық балалар әдебиетін әлем әдебиетінің үздік шығармаларымен салыстыруға да келмейді. Сондай-ақ әлемдік балалар әдебиетінің артында үлкен индустрия тұрғанын ұмытпауымыз керек.Шетелде шығарманың жазылуынан бастап, оның редакциялануы, безендірілуі, басылуы, жарнамалануы, оқырманға жеткізілуі кәсіби деңгейде жүзеге асырылады. Ал бізде мүлдем жағдай басқаша, бізде бар ауыртпалықты автордың өзі арқалайды. Біздегі аударылып жатқан кітаптардың иллюстрациясы мен дизайны дайын күйінде келеді. Ал біздің балалар кітаптарының көркемдік сапасы туралы айтсам, әңгіме ұзап кетеді. Шетелдік шығармалардың отандық туындыларға қарағанда зор сұранысқа ие болуын осындай себептерден іздеу керек. 

Әлбете, әлемдік балалар әдебиетінің озық үлгілерін қазақ тіліне аударылуын құптаймыз. Алайда аудармаға деген сұраныстың артуы төл әдебиетіміздің дамуына кедергі келтірмеуі керек. Әлемдік балалар әдебиетінің қазақша сөйлегені секілді қазақ балалар әдебиеті де әлем тілдерінде сөйлем жатса, қазақ әдебиетінің жетістігі, міне сол. Қайталап айтамын: аударма әдебиет пен төл әдебиеттің арасындағы бәсеке – қаламгерлердің емес, екі кітап индустриясының бәсекесі. Өкінішке қарай біздің баспалар бұл бәсекеде жеңіліс тауып келе жатыр. 

– 2024 жылы Қазақстанға 12,96 млн АҚШ долларына балалардың суретті кітаптары, сурет салуға арналған кітаптар мен боямақтар импортталған. Демек, сұраныс бар, оның көлеміде аз емес. Оны отандық баспагерлердің жаулапалуына не кедергі?

– Жоғарыда айтқанымдай, бұл жердегі мәселе біздегі кітап индустриясының қалыпқа түсе алмай жатқанында. Отандық кітап индустриясы ішкі сұранысты толық қанағаттандыра алмай отыр. Балалар кітабы нарығының едәуір экономикалық әлеуеті бар. Өкінішке қарай отандық баспагерлербірнеше себепке байланысты осы нарықтағы үлесін ала алмай келе жатыр.

Оның алғашқысы – шығындардың көптігі. Бізде балалар кітабын шығарудың құны өте қымбат. Сол себепті қазір біздің кейбір баспалар кітаптарын шетелдік баспаханаларда бастырып жатыр. Балаларға арналған кітаптың иллюстрация көп болады. Ал біздің баспаханаларда мұндай суретті кітаптарды шығару қомақты қаражатты қажет етеді. Оған суретшінің, дизайнердің, редактордың қаламақысын қосыңыз. Мұның бәрі де кітаптың өзіндік құнын арттырып жібереді. Ал шетелдік баспалардың артықшылығы – олар кітапты ондаған мың данамен шығарады. Сол арқылы өзіндік құнын төмендете алады. 

Келесі мәселе – кітаптың сатылуы. Неге біздің кейбір баспалар әлемдік балалар әдебиетінің озық үлгілерін шығаруға құмар? Себебі баспагер үшін оқырманға әлі таныс емес отандық автордың туындысына қарағанда танымал шетелдік шығарманы қазақ тіліне аударып шығарған жеңілірек. Себебі ол кітаптың тез сатылатынына сенім бар. 

– Анимациямен алысып жүргенде, енді ЖИ арқылы жасалған контенттер балалардың назарын аудара бастады. Балалар әдебиетінеоның кері әсері болуы мүмкін бе?

– Шығармаларын ЖИ арқылы анимацияға айналдырып, насихаттап жүрген қаламгерлер бар.Әрине, бұл насихат үшін жақсы. Алайда ЖИ-дің кері әсері болуы мүмкін. Себебі мұнда да бәсеке жүріп жатыр. Яғни балалардың назарын аудару бәсекесі басталды. Балалар әдебиеті бұрын анимациялық туындылармен, компьютерлік ойындармен, әлеуметтік желілермен бәсекелесіп келсе, енді ЖИ-мен бәсекелесуге мәжбүр болды. 

ЖИ баланың кітап оқуын шектейді. Бала кітап оқығанда кейіпкердің бейнесін, оқиға өткен ортаны, түрлі құбылыстарды ойша елестетеді. Яғни оның қиялы белсенді жұмыс істейді. Ал дайын бейнеконтентте осының бәрі дайын күйінде ұсынылады. Егер бала үнемі осындай контентті тұтынуға дағдыланса, оның өз бетінше қиялдауы шектеледі.

ЖИ баланың зейінін шектейді. Жылдам ауысатын, түрлі түсті, дыбыстық әсері мол бейнелерді үздіксіз көру де балаға зиян. Соның ішінде кітап оқып үйренген балаға. ЖИ-дегі жылдам қозғалысқа бейімделіп алған бала кітаптағы оқиғаның біртіндеп өрбуін қабылдай алмай қалады. Соның салдарынан кітап оқуға деген қызығушылығы төмендеуі мүмкін.

ЖИ-мен жазылған шығармалар да қауіпті. Неге десеңіз, балалар қаламгері бір шығармасын дүниеге әкелу үшін айлап-жылдап еңбектенеді. Ал ЖИ санаулы минутта ондаған ертегі, сурет, бейнеролик әзірлей алады. Бұл өз кезегінде, сыртқы түрі тартымды болса да, мазмұны жұтаң «әдеби туындылардың» өмірге келуіне жол ашады.

Мұның бәрі де ЖИ-ді мүлдем пайдаланбау керек деген сөз емес. ЖИ-дің кейбір мүмкіндіктерін әдебиетте қолдануға болады. Әсіресе шығармаларнегізінде анимациялар, интерактивті кітаптар, аудиоертегілер, танымдық бейнероликтер жасауды құптаймын. Алайда ЖИ арқылы шығарма жазудегенді қабылдай алмаймын. Менің ойымша, ЖИ арқылы жазылған шығармада жан болмайды. Бізбаланы дайын қиялды тұтынатын емес, өздігінен қиялдай алатын етіп тәрбилеуіміз керек емес пе?!

– Әлемдік балалар шығармаларының арасында баланың ішкі әлемін терең ашатын туындылар бар. Бізде балаға өзінің табиғатын осылай терең түсіндіре алатын, эмоционалды интеллектін дамытуға көмектесетін шығармалар бар ма?

– Әрине, бар. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасын баланың эмоционалдық интеллектін дамыту тұрғысынан да қарастыруға болады. Қожа өзінің іс-әрекетіне баға береді, қателігін мойындайды, өзімен-өзі сырласады, мінезін өзгертуге талпынады. Соқпақбаев баланы мінсіз кейіпкер ретінде емес, ішкі қайшылықтары бар, өзіндік болмысы қалыптасып келе жатқан тұлға ретінде суреттейді. Сол секілді Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма», «Жусан иісі» шығармалары да баланы өзгенің қайғысын түсінуге, жанашырлық танытуға жетелейді. 

Бұрын біздің балалар әдебиеті негізінен тәрбиелік қызметке басымдық берді. Соның арқасындабалалар әдебиетінде баланы үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға, еңбекқорлыққа, адалдыққа, отансүйгіштікке баулитын шығармалар көп жазылды. Ол өз жемісін де берді. Ендігі кезекте баланың ішкі қайшылығын, психологиялық күйзелісін, қорқынышын, қызғанышын, жалғыздығын, өзіне деген сенімсіздігін арқау еткен шығармаларға да көбірек көңіл бөлуіміз керек.Себебі қазіргі балалардың психологиялық мәселелері мүлдем басқа. Қазіргі уақытта буллинг, әлеуметтік оқшаулану, ата-ананың ажырасуы, қатарластарымен қарым-қатынас, өзгенің жетістігімен өзін салыстыру, әлеуметтік желінің қысымы секілді мәселелерді арқау еткен шығармалар жазылуы керек деп ойлаймын. 

– Өзіңіз балаларға арнап жазғанда қандай қағидаларды ұстанасыз? Шығарма жазаралдында қалай ізденесіз?

– Балаларға жазатын адам ең алдымен баланың табиғатын түсінуі керек. Себебі бала туралы жазу мен баланың дүниетанымы тұрғысынан жазу – екі басқа дүние. Бала жазған кезде баланың жас ерекшелігі ескеріледі. Себебі әр жастағы баланың қабылдау қабілеті әртүрлі болады. Соған сай сөздік қоры, дүниетанымы, қызығушылығы да әртүрліболып келеді. Сондықтан үш жасар балаға арналған шығарманың тілі мен мазмұны он жасар балаға арналған туындыдан өзгеше болуы керек.

Сондай-ақ баламен тең дәрежеде сөйлескен абзал. Балаға бұрынғыдай құр ақыл айту енді өтпейді. Сондықтан шығармада автордың насихатынақарағанда оқиғаның өрбуі, кейіпкердің іс-әрекетішынайы шыққаны дұрыс. Сонымен қатар баланың қиялына еркіндік беру қажет. Автордың барлық нәрсені түсіндіріп, барлық сұрақтың жауабын өзі айтып шығуы шарт емес. Бала не болып жатқанын өзі түсініп, өзі ойлана алуы қажет. Сол кезде ол болжам жасап, өзіндік қорытынды шығарып үйренеді.

Тағы бір мәселе – тілі қарапайым болғаны жақсы.Балаларға барынша түсінікті тілмен жазу қажет. Бұл шығарманың тілің жұтаң болсын деген сөз емес. Керісінше, аз сөзбен көп мағына берген жақсы. Бұл енді аламгердің шеберлігіне байланысты. 

Үлкендерге жазуға қарағанда балаға арнап жазу – өте ауыр. Себебі балалар қаламгері балалардыңпсихологиясын, жас ерекшелік физиологиясын, олардың қызығушылығын үнемі зерттеп отырады. Себебі бүгінгі баланың әлемі біздің балалық шағымыздағы әлемнен мүлдем басқаша. Әлбетте, балалар қаламгері өзінің балалық шағын ұмытпауы керек, бірақ бүгінгі баланы өзінің кешегі балалық шағының өлшемімен бағаламауы қажет.

– Сұқбатыңызға рахмет!

Тэгтер:

балалар шығармашылығы