"Самұрық-Қазынаға" қатысты жемқорлық ісі: "Қазатомөнеркәсіптің" бұрынғы басшысы ұсталды

Бүгін, 12:40 / Ахмет Қанатұлы
Қуаныш Омарбеков. Фото: "Қазатомқнеркәсіп"

Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының басқарма мүшесі Қуаныш Омарбеков пен өзге де адамдардың ұсталғанын растады. Олар "Самұрық-Қазына" қорының бұрынғы басшылығына қатысты сыбайлас жемқорлық ісі бойынша күдікке ілінген, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 23 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің мамандары Қуаныш Омарбековті және басқа да тұлғаларды ұстаған. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, күдіктілердің "Самұрық-Қазына" қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы болуы мүмкін.

"Олар "Самұрық-Қазынаның" бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінді", – делінген ҰҚК хабарламасында.

Осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 367-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Аталған бап аса ірі мөлшерде немесе қылмыстық топ құрамында пара беруге қатысты жауапкершілікті көздейді. Комитет Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейтінін хабарлады.

Еске салайық, 25 қарашада "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы басшылық құрамдағы өзгерістер туралы ресми ақпарат таратқан. Компания директорлар кеңесінің 24 қарашадағы шешімімен өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбеков пен коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байғужиннің басқарма мүшесі ретіндегі өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған.

Ұлттық компания олардың міндеттері басқа басшыларға бөлінгенін, өндірістік және коммерциялық қызмет қалыпты режимде жалғасып жатқанын мәлімдеген.

Тэгтер:

Қуаныш Омарбеков