"Қазатомөнеркәсіптің" бұрынғы басшысы Қуаныш Омарбеков туралы не белгілі?

Бүгін, 14:05 / Ахмет Қанатұлы
Қуаныш Омарбеков. Фото: әлеуметтік желіден

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы басқармасының бұрынғы мүшесі Қуаныш Омарбековтің ұсталғаны белгілі болды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті оның сыбайлас жемқорлық ісі бойынша күдікке ілінгенін растады, деп жазады Arasha.kz.

ҰҚК мәліметінше, 2026 жылғы 23 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Қуаныш Омарбеков пен өзге де адамдарды ұстаған. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілердің "Самұрық-Қазына" қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы болуы мүмкін. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 367-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Қуаныш Омарбеков қандай білім алған?

"Үлбі металлургиялық зауыты" АҚ ресми сайтындағы өмірбаяндық мәліметтерге сәйкес, Қуаныш Омарбеков бірнеше жоғары оқу орнында білім алған.

2007 жылы Алматы экономика және статистика академиясын "Қаржы" мамандығы бойынша тәмамдаған.

2014 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетінде құқық бакалавры дәрежесін алған.

2017 жылы Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында MBA бағдарламасы бойынша білім алған.

Ал 2022 жылы Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінде "Металлургия және пайдалы қазбаларды байыту" мамандығы бойынша білім алған.

Еңбек жолын қайдан бастаған?

Қуаныш Омарбековтің кәсіби қызметі "Қазатомөнеркәсіп" компаниялар тобымен тығыз байланысты.

2011-2013 жылдары ол "Сауда-көлік компаниясы" ЖШС-нің "Қазатомөнеркәсіп жолдары" филиалында материалдық-техникалық қамтамасыз ету инженері болып жұмыс істеген.

Кейін жетекші маман, бас маман және материалдық-техникалық басқару бағытындағы бас менеджер қызметтерін атқарған.

2013-2018 жылдары аталған компанияның экономика, жалпы мәселелер және бизнесті қамтамасыз ету жөніндегі бас директорының орынбасары болған.

2018 жылы "KAP Logistics" ЖШС бас директоры қызметіне тағайындалып, бұл лауазымды 2022 жылға дейін атқарған.

Ал 2022-2023 жылдары "Ақбастау" бірлескен кәсіпорнын басқарған.

"Қазатомөнеркәсіп" басшылығына қашан келді?

2023 жылғы маусымда Қуаныш Омарбеков "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының өндіріс жөніндегі бас директоры болып тағайындалды.

Сол жылдың 29 маусымында компания басқармасының мүшесі атанды.

Бұдан бөлек, 2023 жылғы 23 қарашадан бастап "Үлбі металлургиялық зауыты" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарғаны туралы ресми мәлімет жарияланған.

Қызметінен қашан босатылды?

2026 жылғы 24 қарашада "Қазатомөнеркәсіп" директорлар кеңесі Қуаныш Омарбеков пен коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байгужиннің басқарма мүшесі ретіндегі өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады.

Компания екі басшының міндеттері өзге жетекшілер арасында қайта бөлінгенін хабарлады.

Ал 25 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қуаныш Омарбековтің 23 қарашада ұсталғанын ресми түрде растады. Ведомство тергеу мүддесіне байланысты қосымша мәліметтерді жарияламады. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қуаныш Омарбековтің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады.

Тэгтер:

Қазатомөнеркәсіп Қуаныш Омарбеков