Жүкті әйелдерді “жұмысқа орналастырған” есепші сотталды

Бүгін, 19:10 / Альфия Адамбек
Фото: freepik

Ақтауда жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастырып, декреттік төлем мөлшерін заңсыз көбейтумен айналысқан есепші сотталды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ол Instagram желісінде өзін жәрдемақы рәсімдейтін маман ретінде жарнамалап, таныстары мен туыстарын жеке кәсіпкер ретінде тіркеген. Кейін олардың ЭЦҚ-сын пайдаланып, жалған еңбек шарттары мен есеп айырысу құжаттарын жасаған.

Осы схема арқылы мемлекетке 146 млн теңге шығын келтірген. Сот үкімімен есепші алаяқтық бабы бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылып, қылмыстық жолмен тапқан қаржыға сатып алған үш бөлмелі пәтері мемлекет кірісіне тәркіленді.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, жыл басынан бері әлеуметтік жәрдемақыға бөлінген 1 млрд 300 млн теңге жымқырылған. Ал 2024-2025 жылдары осындай әрекеттер салдарынан бюджеттің 1 млрд 200 млн теңгесі жеке қалтаға түскен. Демек, биылғы шығын өткен жылдармен салыстырғанда 100 млн теңгеге артық.

Тэгтер:

ақтау декрет жүкті әйел