Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуі, ластану және биоалуантүрліліктің азаюы өңірдегі экологиялық жағдайға әсер етіп отыр. Бұл мәселелер теңіз жағалауындағы елдердің экономикасы мен тұрғындары үшін де маңызды. Каспий және Арал теңізі бойынша сарапшы, профессор, АҚШ-тың Нью-Йорк ғылым академиясының мүшесі, Қазақстан Республикасындағы BINOM мектептерінің ЮНЕСКО жөніндегі үйлестірушісі, Ұлыбританияның Джонатан Фрайер медалінің лауреаты, Нұрлан Мыңбаевпен теңізге төніп тұрған қауіптер, су деңгейінің төмендеу себептері және экожүйені қорғау жолдары туралы әңгімелестік.
– Каспий теңізінің қазіргі экологиялық жағдайын қалай бағалайсыз? Бүгінде теңізге төніп тұрған негізгі қауіптер қандай?
– Каспий теңізінің экологиялық жағдайын күрделі әрі жедел шараларды қажет ететін кезеңде тұр деп бағалауға болады. Ол – әлемдегі ең ірі тұйық су айдыны. Сондықтан табиғи өзгерістер мен адам әрекетінен түсетін салмақ мұнда айқын байқалады. Су деңгейінің төмендеуі, ластану және экожүйенің өзгеруі Каспий маңындағы бес мемлекеттен ғылыми негізделген, үйлесімді әрекетті талап етеді.
Негізгі қауіптердің бірі – су деңгейінің төмендеуі. Әсіресе Солтүстік Каспийдің таяз бөлігінде жағалау сызығы шегініп, бұрын су астында болған алқаптар құрғап жатыр.
Сонымен қатар биоалуантүрліліктің қысқаруы алаңдатады. Бекіре тұқымдас балықтардың мекендеу және табиғи уылдырық шашу жағдайлары нашарлап барады. Ал Каспийде ғана кездесетін итбалыққа климаттың өзгеруі, адам әрекеті және түрлі індеттер қатар қауіп төндіріп отыр.
Теңіздің тартылуы экономикаға да әсер етеді. Порттар мен кеме қатынасы арналары таяздап, теңіз логистикасы мен балық шаруашылығының жұмысы қиындайды. Жағалаудағы су тұщыту және өнеркәсіптік су алу нысандарының жұмысы да күрделене түседі.
Бұған қоса, теңіздің ашылған табанынан тұз бен шаң көтерілу қаупі бар. Сондықтан ортақ экологиялық мониторингті және шұғыл әрекет ету жүйесін күшейту қажет.
– Каспий суы деңгейінің төмендеуіне қандай факторлар әсер етіп жатыр?
– Каспий тұйық су айдыны болғандықтан, оның деңгейі өзендерден келетін су, жауын-шашын және теңіз бетінен булану арасындағы тепе-теңдікке байланысты. Қазіргі төмендеуге бірнеше фактор қатар әсер етіп отыр.
Оның бірі – климаттың өзгеруі. Аймақта орташа температураның өсуі су бетінен булануды күшейтіп, теңіздің су балансына әсер етеді.
Екіншісі – өзен ағысының өзгеруі. Каспийге құятын негізгі өзендердің қатарында Еділ мен Жайық бар. Олардың ағысы табиғи гидрологиялық өзгерістерге, су қоймаларындағы реттеу жұмыстарына және өзендердің жоғарғы ағысындағы шаруашылық қажеттіліктерге тәуелді.
Тарихи деректер Каспий деңгейінің бұрын да табиғи кезеңдерге байланысты көтеріліп, төмендеп отырғанын көрсетеді. Ұзақ мерзімді үдерістерге аймақтың геологиялық ерекшеліктері де ықпал етуі мүмкін.
Сонымен бірге су ресурстарын тиімсіз пайдалану теңіз деңгейі төмендеген кездегі әлеуметтік және экологиялық салдарды күшейтеді.
– Мұнай-газ өндірісі, өнеркәсіп қалдықтары және өзендер арқылы келетін ластаушы заттар Каспий табиғатына қаншалықты зиян келтіреді?
– Ластаушы заттар теңізге акваториядағы жұмыстардан, жағалаудағы нысандардан және Каспийге құятын өзендер арқылы түседі. Олардың әрқайсысы экожүйеге түрлі жолмен зиян келтіруі мүмкін.
Мысалы, мұнай мен мұнай өнімдері су бетінде жұқа қабат түзіп, газ алмасуды тежейді. Бұл планктон мен су түбінде тіршілік ететін ағзаларға әсер етеді. Ал мұнайдың ауыр фракциялары түпкі шөгінділерде жиналып, ұзақ уақыт улы әсерін сақтауы мүмкін. Мұнай төгінділері құстар мен теңіз сүтқоректілері үшін де қауіпті.
Өнеркәсіп қалдықтарының құрамындағы ауыр металдар мен тұрақты органикалық қосылыстар қоректік тізбек арқылы жиналады. Олар балықтар мен итбалықтардың ағзасына, көбею қабілетіне және иммундық жүйесіне кері әсер етуі ықтимал.
Өзендер арқылы теңізге ауыл шаруашылығында қолданылатын тыңайтқыштар мен пестицидтер, сондай-ақ коммуналдық және өнеркәсіптік сарқынды сулар жетеді. Бұл суда қоректік заттардың шамадан тыс көбеюіне, ал кейбір аумақтарда оттегінің азаюына әкелуі мүмкін.
– Ғалым ретінде теңізді қорғауға бағытталған қандай нақты қадамдарды ұсынар едіңіз?
– Ең алдымен, Каспий маңындағы бес елге ортақ ғылыми мониторингті күшейту қажет. Ғылыми институттар спутниктік бақылау, су деңгейі мен сапасын өлшеу және автоматты датчиктерден алынған деректерді біріктірсе, теңіздегі өзгерістер мен ластану ошақтарын жүйелі бақылауға мүмкіндік туады. Бұл мәліметтер ашық әрі қолжетімді болуы маңызды.
Екінші бағыт – Жайық пен Еділ бассейндерінде суды үнемдеу және өзендердің табиғи ағысын қорғау. Ол үшін өзен арналары мен балықтардың уылдырық шашатын алқаптарының экологиялық жағдайын сақтау, суды қайта пайдалану жүйелерін және ауыл шаруашылығындағы су үнемдеу технологияларын кеңейту керек.
Үшіншіден, мұнай-газ және өнеркәсіп нысандарының қауіпсіздігіне назар аудару қажет. Құбырлар мен ұңғымалардың жағдайын тұрақты тексеріп, төгінділердің алдын алу талаптарын күшейту маңызды. Әсіресе таяз аймақтарда мұнай төгінділері болған жағдайда жедел әрекет етуге дайындық жоғары болуы тиіс.
Төртіншіден, биоалуантүрлілікті қорғау жұмыстарын жүйелеу керек. Каспий итбалығының күшіктейтін және тынығатын орындарын, бекіре тұқымдас балықтардың көші-қон және уылдырық шашу аймақтарын тиімді қорғау қажет. Балықты қолдан өсіру кезінде олардың генетикалық сапасы мен табиғи ортаға бейімделуіне де мән берген жөн.
Сондай-ақ құрғаған жағалау аумақтарын қалпына келтіруді қолға алу керек. Тұзға төзімді өсімдіктерді пайдалану арқылы топырақ эрозиясы мен шаңның көтерілуін тежеуге болады.