Ұрпақтар болашағын ойлау: Қытай тәжірибесі Тоқаевтың көзқарасымен қалай үндеседі?

Бүгін, 20:29 / Ахмет Қанатұлы

Бүгінде әлем елдері арасында технологиялық бәсеке күшейіп келеді. Мемлекеттің қуаты табиғи байлығымен ғана емес, ғылымының дамуымен, жаңа технологияларды игеруімен және білікті мамандарымен де өлшенеді. Оған көршіміз Қытайдың даму жолы мысал бола алады. Қытай бүгінгі күннің қажеттілігімен шектелмей, алдағы ондаған жылды ойлап, ғылымға, білімге және жоғары технологиялық өндіріске қомақты қаражат бөліп отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мәселен, Қытайдың Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы ел ғылыми зерттеулер мен жаңа технологияларды әзірлеуге 3,93 трлн юань жұмсаған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 8,2 пайызға көп. Ал жоғары технологиялық өңдеу өнеркәсібіндегі қосылған құн 9,4 пайызға өскен.

Қытай алдағы бес жылда да ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаражатты жыл сайын кемінде 7 пайызға арттыруды жоспарлап отыр. Ел өз технологияларын дамытуға, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуге және білікті мамандар даярлауға басымдық беріп келеді.
Бұдан нені аңғаруға болады? Қытай бүгін салған инвестициясының нәтижесін ондаған жылдан кейін де көруді көздейді.

Ал ТМД кеңістігіндегі кейбір елдерде шағын жобалардың өзін үлкен жетістік ретінде көрсетіп, арзан пиарға айналдыру үрдісі әлі де кездеседі. Әрине, жаңа ғимараттар салу, қалаларды көркейту, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру қажет. Бірақ кез келген жобаның құндылығы оның ашылу салтанатымен немесе қаншалықты кеңінен насихатталғанымен өлшенбеуі керек.

Мысалы, жаңа университет ашылды делік. Ең маңыздысы оның ғимараты емес, сол жерде қандай мамандар даярланып, қандай ғылыми жаңалықтар ашылатыны. Сол сияқты жаңа зауыттың ашылуынан бөлек, оның қандай өнім өндіретіні, қанша адамды жұмыспен қамтитыны және ел экономикасына қандай пайда әкелетіні маңызды.

Кейде бүгінгі жетістігімізді көрсетуге көп көңіл бөліп, оның ертеңгі нәтижесін назардан тыс қалдырып жатамыз. Ал кез келген жобаны қолға алмас бұрын оның келешек ұрпаққа қандай пайда әкелетінін де ойлауымыз қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселеге үнемі назар аударып келеді. Президент елдің болашағы ғылым мен білімге, озық технологияларға және азаматтардың кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты екенін айтып жүр.

2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы кейінгі буынға дамыған, өркениетті және жаңарған мемлекет қалдырудың маңызына тоқталды.

Расында, кейінгі ұрпаққа тек табиғи байлық пен жинақталған қаражатты қалдыру жеткіліксіз. Оларға сапалы білім алуға, еңбек етуге, жаңа технологиялар жасауға және өз қабілетін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін мемлекет қалдыру маңызды.

Қазақстанда осы бағытта бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Шетелдік беделді университеттермен ынтымақтастық кеңейіп, жасанды интеллектіні дамытуға, ғылымды қолдауға және экономиканы цифрландыруға басымдық берілуде.

Ендігі міндет  бастамалардың нақты нәтижесін көру. Қазақстандық ғалымдардың жаңалықтары өндіріске енгізіліп, елімізде жаңа технологиялар әзірленіп, отандық кәсіпорындар әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуы қажет.

Болашақ ұрпақты ойлау тек биліктің міндеті емес. Мұндай жауапкершілік әрбір азаматтың санасында қалыптасуы керек. Мемлекеттік қызметкер де, кәсіпкер де, ғалым да бүгін атқарып жатқан жұмысының он немесе жиырма жылдан кейін қандай нәтиже беретінін ойлағаны жөн.
Бүгін ғылымға бөлінген қаражаттың, сапалы білім алған баланың немесе өндіріске енгізілген жаңа технологияның игілігін ертең біздің балаларымыз көреді.

Қытайдың тәжірибесінен алатын маңызды сабақтың бірі де – осы. Бүгінгі қажеттілікті өтей отырып, болашақтың негізін қалау.
Қазақстанда да ондаған жылға жоспар құрып, қабылданған шешімдердің келешек ұрпаққа тигізер пайдасын ойлайтын сана қалыптасуы қажет. Өйткені келер ұрпақ бізден қанша нысан ашқанымызды емес, қандай мемлекет қалдырғанымызды бағалайды.