"Facebook-тегі бәрін танимыз, ал көршілерімізді білмейміз": Геннадий Шиповских қоғамдағы өзгеріске назар аударды

Бүгін, 15:54 / Ахмет Қанатұлы
Фото: parlam.kz

Халық кеңесінің мүшесі Геннадий Шиповских әлеуметтік желілердің адамдар арасындағы қарым-қатынасқа ықпалы туралы пікір білдірді. Ол қазіргі қоғамда азаматтардың виртуалды ортадағы таныстары көбейгенімен, көршілерімен байланысы әлсіреп бара жатқанына назар аударды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оның пікірінше, әлеуметтік желілердің күнделікті өмірге кеңінен енуі адамдардың өзара қарым-қатынасына да әсер етіп отыр.

"Facebook-тегі бәрін танысақ та, көршілерімізді танымаймыз. Сонда біз осындай кезеңге неге жеттік? Бұл мәселеге қатысты өз пайымдауымды айтқым келеді. Біреу келісер, біреу келіспес. Меніңше, бұған әлеуметтік желінің де әсері бар", – деді ол.

Геннадий Шиповских қазіргі жастардың ақпаратты көбіне интернет пен әлеуметтік платформалар арқылы алатынын атап өтті. Оның айтуынша, осы ерекшелікті ескеріп, жастарға бағытталған ақпараттық және идеологиялық жұмыстарды әлеуметтік желілерде белсенді жүргізу қажет.

"Сондықтан осы тұста әлеуметтік желі арқылы жастарға идеологиялық бағытта көбірек жұмыс жүргізуіміз керек. Газет дейміз, теледидар дейміз. Әрине, олардың да маңызы зор. Бірақ қазір екінің бірі әлеуметтік желіде, телефонда отыр", – деді Халық кеңесінің мүшесі.

Ол дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының маңызын жоққа шығармайтынын, алайда қоғаммен байланыс орнатуда цифрлық платформалардың ықпалын ескеру қажеттігін жеткізді.