"Жемқорларды жұмысынан тайдырған": Семейлік екі жігіт облыс әкімі Берік Уәлиге ән арнады

Бүгін, 21:37 / Ахмет Қанатұлы
Фото-коллаж: Arasha.kz / ЖИ

Абай облысының әкімі Берік Уәлиге арнап ән орындаған семейлік екі жігіттің бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. "Әкімге қошемет" деп аталатын туындыда өңір басшысы мадақталып, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының есімі де аталған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Әлеуметтік желіде жарияланған видеода екі ер адам Абай облысының әкімі Берік Уәлиге арналған әнді орындайды.

Туынды "Әкімге қошемет" деп аталады. Әннің көпшілік назарын аударған тұсы – мәтінінде облыс әкімінің келуіне Абайдың өзі қуанғандай сипатталуы. Атап айтқанда, әнде "Келгеніңе қуанды Абай хакімің" деген мағынадағы жолдар айтылған.

Әнді Семей қаласының тұрғындары Ернұр Дүйсен мен Қуантқан Қуанышханұлы орындаған.

Бейнежазба әлеуметтік желіге жарияланғаннан кейін оның үзінділері түрлі ақпараттық парақшаларда тарай бастаған.

Әнді орындаушылар кейін видеоны өз парақшаларынан алып тастаған. Алайда бейнежазбаның үзінділері басқа әлеуметтік желі парақшаларында сақталып, таралған. Әзірге орындаушылардың видеоны неліктен өшіргені туралы түсініктемесі жарияланған жоқ.

Айта кетейік, Берік Уәли 2025 жылдың 17 ақпаннан бастап Абай облысының әкімі қызметін атқарып келеді. 

Тэгтер:

әкім Берік Уәли