"Қазатомөнеркәсіптің" тағы бір жоғары лауазымды басшысы қызметінен кетті

Бүгін, 13:37 / Ахмет Қанатұлы
Қазатомөнеркәсіп. Фото: kazatomprom.kz

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының басшылық құрамында кезекті кадрлық өзгеріс болды. Сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директор Дархан Сағындықов өз еркімен қызметінен кетті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Компанияның ресми мәліметіне сәйкес, Дархан Танатұлы Сағындықов 2026 жылғы 26 қарашадан бастап атқарған қызметін босатқан.

Оның өтініші негізінде "Қазатомөнеркәсіп" Директорлар кеңесі тиісті шешім қабылдаған.

"Оның өтініші негізінде және корпоративтік процедураларға сәйкес, Компанияның Директорлар кеңесінің шешуімен Дархан Сағындықовтың Қазатомөнеркәсіп Басқармасының мүшесі ретіндегі өкілет мерзімі тоқтатылды", – делінген ресми хабарламада.

"Қазатомөнеркәсіп" өкілдері басшылық құрамындағы өзгеріске қарамастан, компанияның қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Дархан Сағындықовқа жүктелген міндеттер мен өкілеттіктер компания басшылығы арасында қайта бөлінеді.

Еске салайық, бұған дейін "Қазатомөнеркәсіптің" басқарма құрамында да өзгерістер болған. 2026 жылғы 23 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті компанияның басқарма мүшесі Қуаныш Омарбеков пен басқа да адамдардың ұсталғанын хабарлаған.

Тэгтер:

Қазатомөнеркәсіп Дархан Сағындықов