Ясауи ілімі жастарды деструктивті ағымдардан қорғай ала ма?

Бүгін, 13:52 / Камила Дүйсен
Muftiat.kz

Бүгінде діни ақпараттың қолжетімділігі артқанымен, оның бәрі бірдей сенімді бола бермейді. Мұндай жағдайда дәстүрлі рухани мұраны танудың және әртүрлі діни көзқарастарды ажырата білудің маңызы арта түседі. Яссауитанушы, философия және теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетаймен Қожа Ахмет Ясауи ілімінің құндылықтары, оның қазақ дүниетанымындағы орны және деструктивті діни идеологиялардан айырмашылығы туралы әңгімелестік.

– Досай мырза, Қожа Ахмет Ясауи ілімінің негізгі құндылықтары қандай? Олар қазақ халқының рухани дүниетанымына қалай әсер етті?

– Ясауи ілімі «хәл ілімі» деп аталады. Хәл ілімі – адам туралы ілім. Ол адамның ішкі еркіндігін, моральдық-этикалық тұрғыдан тұлғаға айналуын, өзін өзгертуін қамтиды.

Алла мен адам арасындағы қатынастың басты кедергісі – адамның ішкі нәпсісі мен құмарлықтары. Сол құмарлықтардың мәнін, олардың не екенін білу – адамның өзін тануы, өз кемшіліктерін білуі. Екінші сатыда сол кемшіліктермен, кедергілермен күресу жолы тұрады.

Ясауи ілімінде тәубе мақамынан қуруп мақамы деп аталады  адам мен Алла арасындағы қатынас туралы айтылады. Бұл қатынас жетпіс мың пердеден тұрады. Әрбір пердеде адамның алдынан шығатын кедергілер бар. Адам сол кедергілермен күресудің әдістері мен қағидаларын меңгерген сайын өзі де шыңдалып, тұлғаға айнала бастайды.

Сондықтан Ясауи ілімінің негізгі құндылықтары қандай дегенде, оның басты құндылығы адамның махаббатымен, ар-ұятымен, жауапкершілігімен және еркіндігімен өлшенетінін көреміз. Бұл жерде рухани еркіндік туралы айтып отырмыз.

Осы ілімнің басты құндылықтары біздің дүниетанымымызға сіңіп кеткен. Мысалы, қазақ халқы мәдениетінің он сегіз қабаты бар десек, оған тіл, ойлау жүйесі, әдет-ғұрып, моральдық-этикалық және құқықтық жүйе, тарихи таным, сәулет, музыка, өнер, кәсіп, ең соңында сана кіреді. Осы қабаттардың барлығында Ясауи құндылықтары орын алған.

Яғни қазақ халқының рухани дүниетанымы – тұтас бір ғарыш. Сол ғарыш Ясауи ілімімен сомдалған деп айтамыз.

– Ясауи ілімінде дін мен ұлттық салт-дәстүрдің байланысы қалай көрініс тапқан?

– Бұл бірінші сұрақпен тікелей байланысты. Ясауи ілімі – ислам ілімінің негізінде қалыптасқан ілім. Бізді, көшпелі қазақтарды, жалпы түркі халқын ислам дініне, мұсылмандыққа алып келген ілім – осы Ясауи ілімі деп айтуға болады.

Жоғарыда айтқанымдай, бұл ілім мәдениетіміздің он сегіз қабатында, ұлттық санамыздың мазмұнында орын алған. Ол тек салт-дәстүрдің ішінде ғана емес. Ұлттың сипаты мәдениет десек, оның он сегіз қабаты бар. Салт-дәстүр – соның бір қабаты. Дін мен салт-дәстүр өте тығыз, үндестікпен байланысқан.

Сондықтан да біз қазақ болдық, сондықтан да біз ұлт болдық, сондықтан да мәдениетіміз осылай қалыптасты.

Ясауи ілімі қандай ілім десек, ол – ар түзейтін ілім, ол – адам туралы ілім. Адамның ішкі еркіндігі мен сыртқы еркіндігін тұтастыратын антропологиялық сипаттағы ілім. Біз «қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп жатамыз. Соның барлығы осы Ясауи ілімімен сомдалғанын көреміз.

Салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрпымызға, ойлау жүйемізге, тілімізге дейін осы іліммен тығыз байланысқан.

– Ясауи ілімі мен деструктивті діни идеологиялардың басты айырмашылығы неде? Деструктивті ағымдарды қандай белгілерінен тануға болады?

– Ясауи ілімі мен деструктивті діни идеологиялардың арасында айырмашылық бар, әрине. Ясауи ілімінің құндылықтары біздің уақытымыз бен кеңістігімізде сонау ғасырлардан бері ұлттық салт-дәстүрімізден, мәдениетімізден, ойлау жүйемізден көрініс тауып келеді.

Ал деструктивті діни идеологиялардың басты айырмашылығы – олар біздің тарихымызға, өткенімізге, әдет-ғұрпымызға, мәдениетімізге, ойлау жүйемізге, дәстүрімізге, моральдық-этикалық жүйемізге, құқықтық нормаларымызға, тіпті музыкамызға дейін қарсы өз нормаларын ұсынып жатыр.

Қазір қоғамымызда дәстүрлі ислам мен деструктивті діни идеологияға негізделген көзқарастардың арасында іштей және сырттай күрес жүріп жатқанын білесіздер.

Деструктивті ағымдарды олардың Алла, адам және әлем туралы түсініктерінен бірден тануға болады. Мысалы, біз кез келген жерден мән іздейміз: сөзден де, әлемнен де мән іздейміз. Ал оларда бұл жоқ. Олар, тіпті Құранның өзінен мән іздеуді емес, оны сөзбе-сөз түсінуді ұсынады. Яғни Құранда Алла қалай сипатталса, солай қабылдау керек дейді. Мысалы, «Алланың қолы бар» десе, «қолы бар» деп қабылдау керек.

«Алла тақтан түсіп келе жатыр» десе, оны да солай қабылдау керек. «Алла тақта отыр» десе, солай қабылдау керек деген сияқты ойлар айтады.

Ал біз Құрандағы Алланың тағы, Алланың қолы, Алланың мейірімі дегеннің барлығын бейнелі, символдық мәнде қабылдаймыз. Аллаға адамдық сипаттарды теңемейміз.

Әлем туралы түсінікте де айырмашылық бар. Бұл әлем – Алла жаратқан кеңістік. Ал осы топырақ – біздің Отанымыз. «Отанды сүю – иманнан» деген негіз бар. Яғни әлем мен адам арасындағы қатынасты иманмен, махаббатпен өлшейміз. Оны дүниемен немесе дүниедегі саяси мәселелермен өлшемейміз.

Ал олар қалай айтады? «Бұл жер – тағут. Өйткені мұнда мынадай мәселелер бар, мемлекетті пәленшелер басқарып отыр» дейді. Немесе «шариғат жоқ, оның орнына Конституция бар» деген сияқты ойлар айтады. Біздің дәстүрлі ислам түсінігімізде ондай жоқ.

– Ясауи мұрасы жастарды деструктивті діни идеологиялардан қорғауға қалай көмектесе алады?

– Ясауи мұрасы дегеніміз – Ясауидің ілімі. Біз оны хәл ілімі деп атаймыз. Хәл ілімі – мұсылмандығымыздың мазмұны, оның ішкі құндылықтары мен негіздері деп айтуға болады.

Ал басқа діни идеологиялар біздің Алла туралы, қоғам туралы, адам туралы түсінігімізге, соның ішінде әйелдерге қатысты түсінігімізге қайшы келеді. Осындай түсініктерді біз деструктивті діни идеологиялар дей аламыз.

Себебі бүгінге дейін қалыптасқан діни, исламдық түсінігімізде Ясауи ілімі әбден орныққан. Мәселе – соны қайтадан тануда.

Бізге деструктивті діни идеологиялардан қорғануға көмектесетін, олардан алып шығатын ілім – Ясауи ілімі. Ол жерде махаббат бар. Кез келген адамға махаббатпен қарау деген Абайдың ұстанымы да осы жерден негіз алады.

Ясауи бір дастарқан басында бірге отырған адамның отқа табынушы ма, пұтқа табынушы ма, христиан ба, яһуди ме екеніне қарамай, оған адам ретінде қарайтын жанды нағыз мұсылман деп атайды.

Яғни адамға дініне қарап емес, Алланың жаратқан құлы ретінде қарау – Ясауи ілімінің негізгі ұстанымдарының бірі.

Тэгтер:

Яссауи ілімі Хәл ілімі Деструктивті ағымдар