Дариға Назарбаеваның бұрынғы кеңесшісі Санжар Боқаев 10 жылға сотталды

Бүгін, 17:30 / Ахмет Қанатұлы
Фото: ашық дереккөзден

Алматыда қоғам белсендісі Санжар Боқаев пен өзге де айыпталушыларға қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі жарияланды. Бұрын Дариға Назарбаеваның штаттан тыс кеңесшісі болған Боқаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп Arasha.kz тілшісі PRO КАДРЫ KZ Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Алматыда бір айдан астам уақытқа созылған ашық сот процесінде бес түрлі қылмыстық құқық бұзушылық бойынша айыптаулар қаралған.

Сот барысында куәгерлердің жауаптары тыңдалып, мемлекеттік айыптаушы мен қорғау тарапының дәлелдері зерттелген. Сондай-ақ іс материалдарына тіркелген айғақтар қарастырылған.

Санжар Боқаевтың саяси қызметі туралы не белгілі?

Аталмыш Telegram арнаның мәліметінше, Санжар Боқаев бұған дейін "Нұр Отан" партиясының құрылымдарында қызмет атқарған. Сондай-ақ Дариға Назарбаева Сенат төрағасы болған кезеңде оның штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқарғаны хабарланды.

Кейін Боқаев әлеуметтік желілерде қоғамдық мәселелерді көтеріп, түрлі тақырыпта бейнежазбалар мен жарияланымдар жасап, көпшілікке танылды.

Сот отырыстарының бірінде Боқаев өз қызметіне тапсырыс берген адамдар туралы мәлімет жариялауға уәде еткен. Алайда арна оның нақты есімдерді атамағанын мәлімдеді.

Сот қандай үкім шығарды?

27 қарашада Алматының Алмалы аудандық соты Санжар Боқаевқа 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Белсенді жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару мекемесінде өтейді.

Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы оған 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған болатын. Ал Боқаевтың адвокаттары оның толық ақталуын талап еткен.

Тэгтер:

Санжар Боқаев