Алматының үш тұрғыны Қырғызстан студенттерін заңсыз криптовалюта операцияларына тартқан, деп хабарлайды Arasha.kz.
Күдіктілер шетелдік студенттердің Қазақстанға келу шығынын өтеп, ақшалай сыйақы берген. Студенттер өздерінің банк шоттарына қолжетімділікті үшінші тұлғаларға беріп, елдеріне қайтып отырған.
Күдіктілер аталған шоттарды USDT криптовалютасын сатып алу және сату үшін пайдаланған. Сонымен қатар “SkyPhoenix” платформасы арқылы “Pinco”, “Pinup”, “Nomad Games”, “Sultan Games” және басқа да онлайн-казинолардың қаржы операцияларын жүргізген.
Олар түскен қаражаттың 4 пайызы көлемінде сыйақы алып, ойыншылардың төлемдерін қабылдаған, ұтыстарын аударған және казино ұйымдастырушыларының табысын криптовалютаға айналдырған.
Дропперлердің банк шоттарына түскен қаражаттың жалпы көлемі 3,6 млрд теңгеден асқан.
Қазіргі уақытта екі күдікті үйқамақта отыр. Сот үш автокөлік пен жер учаскесіне тыйым салған.