23 миллион теңгені букмекерлік кеңсеге аударған: Жамбыл облысында төрт шенеунік қызметінен қуылды

Бүгін, 10:41 / Ахмет Қанатұлы
Фото: Thomas Trutschel/Photothek via Getty Images

Жамбыл облысында құмар ойындарға ақша тігіп келген төрт мемлекеттік қызметші жұмыстан босатылды. Олардың бірі букмекерлік кеңседегі есепшотына 23 миллион теңгеден астам қаражат аударған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жуалы ауданының прокуратурасы мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуына қатысты заң талаптарының сақталуына талдау жүргізген. Тексеру барысында жергілікті атқарушы органдарда жұмыс істейтін бірнеше лауазымды тұлғаның букмекерлік кеңселер арқылы жүйелі түрде бәс тіккені анықталған.

Прокуратураның мәліметінше, мемлекеттік қызметшілер букмекерлік кеңсенің мобильді қосымшасын пайдаланып, түрлі ойындарға тұрақты түрде ақша тігіп отырған. Олардың бірі ойын есепшотына 23 миллион теңгеден астам қаражат аударған.

"Мысалы, жергілікті атқарушы органның бір бас маманы ойын шотына 23 млн теңгеден астам қаражат аударған. Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижелері және тәртіптік комиссияның шешімі бойынша 4 мемлекеттік қызметші теріс себептермен жұмыстан босатылды", – делінген прокуратура хабарламасында.

Қазақстанда 2024 жылғы 9 қыркүйектен бастап мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуына және бәс тігуіне заңнамалық шектеу енгізілген. Бұл талап сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің біріне жатады. Оны бұзған мемлекеттік қызметші қызметінен босатылуы мүмкін. Алайда Жуалы ауданында жұмыс істеген төрт лауазымды тұлға аталған тыйымға қарамастан букмекерлік кеңселер арқылы ақша тігуін жалғастырған.

Прокурорлық тексеру нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтар бойынша тиісті қадағалау актісі енгізілген. Мәселе тәртіптік комиссияда қаралып, төрт мемлекеттік қызметшіні теріс себептермен жұмыстан босату туралы шешім қабылданған.

Тэгтер:

Жамбыл облысы