Алматыда беделді оқу орнының проректоры ұсталды

Бүгін, 11:48 / Ахмет Қанатұлы
Фото: pixabay.com

Алматыда Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің (Satbayev University) проректоры Ержан Күлдеевтің ұсталғаны расталды. Оған және өзге де тұлғаларға сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, деп Arasha.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде еліміздегі ірі техникалық университеттердің бірі – Satbayev University басшылығының өкілі ұсталғаны туралы ақпарат тараған. Осыған байланысты Kazinform агенттігі Алматы қаласының прокуратурасына ресми сауал жолдаған. Қадағалау органы Ержан Күлдеевке және басқа да азаматтарға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын растады.

Алматы прокурорының бірінші орынбасары Санат Талқанбаевтың ресми жауабына сәйкес, қылмыстық іс бойынша бірнеше адамға бұлтартпау шарасы қолданылған.

"Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының санкциясымен жоғарыда аталған қылмыстық іске қатысы бар тұлғаларға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды", – делінген прокуратура жауабында.

Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Алайда прокуратура қылмыстық істің нақты қай баптар бойынша тергеліп жатқанын және күдіктілерге қандай әрекеттер бойынша айып тағылуы мүмкін екенін жарияламады.

Ведомство мұны Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу деректерін жария етуге қойылған шектеулермен түсіндірді.

Тэгтер:

алматы университет