Иранда 21 жастағы бойжеткен өлім жазасына кесілді

Бүгін, 12:09 / Ахмет Қанатұлы
Таранех Рахими. Фото: x.com/@JahangiriAzar

Иранда үкіметке қарсы наразылық шерулеріне қатысқан 21 жастағы Таранех Рахими өлім жазасына кесілді. Ал оның егіз сыңары Ромина Рахими 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Қыздардың туыстары тергеу кезінде оларға қысым көрсетіліп, азапталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оқиға 2026 жылдың қаңтар айында Иранда өткен үкіметке қарсы жаппай наразылықтармен байланысты. Құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, Таранех пен Ромина Рахими Исфахан қаласындағы наразылық оқиғаларына қатысты қылмыстық іс бойынша ұсталған. Егіз қыздар қаңтар айының соңында, наразылық акцияларынан кейін қамауға алынған.

Туыстарының айтуынша, қыздар ұсталғаннан кейін отбасы олардың қайда екенін үш айдан астам уақыт бойы білмеген. Анасы егіз қыздарын мамыр айында ғана көруге мүмкіндік алған. Жақындарының сөзінше, сол кезде бойжеткендердің денесінде соққы іздері болған, ал шаштары жұлынған. Туыстары қыздардың тергеу кезінде физикалық және психологиялық қысымға ұшырағанын алға тартады.

Таранех Рахимидің туыстары құқық қорғау органдары оны қылмысын мойындауға мәжбүрлегенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, тергеушілер бойжеткеннен мойындау құжатына қол қоюды талап еткен. Бас тартқан жағдайда егіз сыңары Роминаға жыныстық зорлық-зомбылық көрсетеміз деп қорқытқан.

Таранехтің өзі де сот барысында мойындау жауабы азаптау арқылы алынғанын айтқан. Алайда бұл айыптауларға қатысты тәуелсіз тергеудің қорытындысы жарияланған жоқ.

Иран соты Таранех Рахимиді елдің қылмыстық заңнамасындағы «мохаребе» бабы бойынша кінәлі деп таныған. Бұл ұғым "Құдайға қарсы соғыс жүргізу" деген мағынаны білдіреді және Иранда өлім жазасын көздейтін ауыр айыптардың бірі саналады. Айыптау құжаттарына сәйкес, бойжеткенге суық қару көрсетіп, адамдардың өміріне қауіп төндірді деген айып тағылған. Ал оның егіз сыңары Ромина осы қылмысқа жәрдемдесті деген айыппен 25 жылға бас бостандығынан айырылған.

Таранехке өлім жазасын тағайындау туралы шешім 2026 жылғы тамыздың соңында шығарылған. Алайда қараша айында бұл оқиға халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында қайтадан кеңінен талқыланды.

Ирандағы адам құқықтарының жағдайын бақылайтын халықаралық ұйымдар қыздардың ісіне алаңдаушылық білдірді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Ирандағы адам құқықтары жөніндегі арнайы баяндамашысы Маи Сато Таранех Рахимидің қаңтардағы наразылықтарға байланысты өлім жазасына кесілген әйелдердің бірі екенін хабарлаған. Amnesty International ұйымы да оған қатысты өлім жазасының орындалуын тоқтатуға шақырды. Ал Еуропарламент депутаттары Ирандағы наразылықтарға қатысушыларға шығарылған ауыр үкімдерді сынға алып, оларды қайта қарауды талап етті.

Тэгтер:

Таранех Рахими