Алматыда бес адамның өмірін қиған өртке қатысты күтпеген дерек шықты

Бүгін, 15:56 / Ахмет Қанатұлы
Фото: unsplash

Алматыда бес адамның қазасына әкелген өртке қатысты 37 жастағы әйел ұсталды. Тергеу нұсқасы бойынша, қайғылы оқиғаға жеке адамдар арасындағы араздық себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қайғылы жағдай 26 қарашаға қараған түні Алматының Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде болған. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жетіп, жалынды ауыздықтауға кіріскен. Үй ішін тексеру барысында бес адамның мәйіті табылған. Адам өліміне әкелген оқиғаға байланысты қылмыстық істер тіркеліп, арнайы жедел-тергеу тобы құрылған.

Тергеу барысында полиция қызметкерлері оқиға орнындағы және оның маңындағы бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеген. Жиналған материалдардың көмегімен күдікті әйелдің жүрген бағыты анықталып, оқиғаға қатысты мән-жайлар қалпына келтірілген. Нәтижесінде 37 жастағы әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Тергеудің алдын ала нұсқасы бойынша, өртке жеке бас араздығы себеп болуы мүмкін. Құқық қорғау органдары күдіктінің үйді қасақана өртеген болуы ықтимал деген болжамды тексеріп жатыр.

Тэгтер:

алматы өрт