Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы Кунар провинциясында мектеп маңындағы жарылыс салдарынан жеті оқушы қаза тауып, тағы 99 адам зардап шекті. Қайғылы оқиғаға жарылғыш заттар сақталған қоймадағы апат себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қайғылы жағдай Кунар провинциясының Асадабад уезіне қарасты Андарсир ауданында болған. Ауғанстан Ішкі істер министрлігінің өкілі Абдул Матин Кани жарылыс салдарынан жеті оқушының өмірі қиылғанын мәлімдеді. Алдын ала жарияланған мәлімет бойынша, тағы 99 адам зардап шеккен.
Бастапқы мәліметтерге сәйкес, жарылыс тау-кен өндіру компанияларына тиесілі жарылғыш заттар сақталған қоймада болған. Қойманың мектепке жақын орналасуы қайғылы оқиғаның салдарын ауырлатуы мүмкін. Алайда қоймадағы жарылғыш заттардың нақты қандай жағдайда іске қосылғаны әзірге белгісіз. Жергілікті билік оқиғаның себептерін анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр.
Биыл тамыз айында Ауғанстан астанасы Кабулдағы білім беру орталығында да жарылыс тіркелген болатын. ЮНИСЕФ мәліметінше, сол оқиғадан 9 бен 14 жас аралығындағы кемінде 42 бала зардап шеккен.