Каспий теңізінде екі адамды толқын алып кетті

Бүгін, 18:19 / Ахмет Қанатұлы
Видеодан кадр: instagram.com/112kz_

Маңғыстау облысында үрлемелі қайықпен теңізге шыққан екі адам қатты толқынның салдарынан жағалаудан алыстап кеткен. Құтқарушылар оларды жағадан үш шақырым қашықтықтан тауып, қауіпсіз жерге жеткізді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оқиға 28 қарашада Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында болған. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, екі ересек адам үрлемелі қайықпен Каспий теңізіне шыққан. Алайда теңізде толқын күшейіп, олардың қайығын ашық теңізге қарай ағызып әкеткен.

Өздігінен жағаға қайта алмаған азаматтарға құтқарушылардың көмегі қажет болған.

Оқиға туралы хабар түскеннен кейін төтенше жағдайлар қызметкерлері іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастырған. Құтқарушылар екі адамды жағалаудан үш шақырым қашықтықта анықтады. Олар үрлемелі қайықтағы азаматтарды қауіпсіз жерге жеткізген. Абырой болғанда, оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Құтқарылған екі адамға да медициналық көмек қажет болмаған.

Төтенше жағдайлар министрлігі теңізде қауіпке тап болған екі азаматтың әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады. Оларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша хаттамалар толтырылған. Аталған бап су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікті көздейді. Нәтижесінде екі азаматқа да айыппұл салынған.

Тэгтер:

Каспий теңіз