Алматыда бірнеше көлік соқтығысты: Жол апатынан бір адам зардап шекті

Бүгін, 13:37 / Ахмет Қанатұлы
Видеодан кадр: instagram.com/almaty.police

Алматыда бірнеше автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болып, бір адам ауруханаға жеткізілді. Тізбекті соқтығыс салдарынан көліктердің бірі жол үстінде тұрған жүргізушіні қағып кеткен, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оқиға 29 қарашада таңға жуық Алматының Саин көшесінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Hongqi және Hyundai Tucson автокөліктері солтүстік бағытта қозғалып келе жатқан.

Жүргізушілердің айтуынша, жолда Changan маркалы көлік қауіпті жағдай туғызған. Соның салдарынан екі жүргізуші шұғыл тоқтауға мәжбүр болып, көліктерінің жағдайын тексеру үшін сыртқа шыққан.

Осы сәтте аталған бағытпен Audi және Hyundai Sonata көліктері жақындаған. Audi жүргізушісі алдағы кедергіні байқап, тежегішті басқан. Алайда оның артынан келе жатқан Hyundai Sonata уақытында тоқтай алмай, Audi автокөлігіне соқтығысқан. Соққының күшінен Audi алға қарай жылжып, жолда тұрған Hyundai Tucson жүргізушісін қағып кеткен. Нәтижесінде бір адам жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілген.