Қазақстандық ғалым тұрмыстық химия құралдарын өндіріске енгізді

Бүгін, 14:30 / Камила Дүйсен

Ғылыми әзірлеменің нәтижесі зертханадағы тәжірибемен шектелмеуі керек. Ол өндіріске енгізіліп, адамдар күнделікті қолданатын өнімге айналғанда қоғамға пайдасы арта түседі. Satbayev University жанындағы «Жұқа органикалық синтез» зертханасының басшысы, YS Organics жобасының негізін қалаушы Ербол Сағатов осындай ұстаныммен жұмыс істейді. Оның командасы тұрмыстық химия өнімдерін әзірлеумен қатар, оқушылардың химияға қызығушылығын арттыратын тәжірибе жинақтарын да жасаған.

Ербол Сағатовтың ғылымға келуіне айналасындағы құбылыстардың қалай жүретінін білуге деген қызығушылығы себеп болған. Ғалым үшін химия тек формулалар мен теңдеулерден тұратын пән емес. Ол тәжірибе барысында заттың түсі мен иісінің өзгеруін, кристалдардың пайда болуын, жылу бөлінуін немесе тұнба түзілуін бақылап, әр құбылыстың себебін түсінуге ұмтылған.

«Маған дұрыс жауап алу ғана емес, түсініктеме іздеу, тәжірибе жасау, қателесу және қайтадан тырысу ұнайтын. Егер оның не себепті болғанын және одан қандай қорытынды жасауға болатынын түсінсеңіз, химияда қателіктің өзі қызықты нәтиже болуы мүмкін», – дейді ол.

2009 жылы Ербол Сағатов Қарағанды мемлекеттік университетіне «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығы бойынша оқуға түскен. Кейін білімін Ұлыбританиядағы Cardiff University-де жалғастырып, магистр дәрежесін алған әрі органикалық химия бағытында ғылыми зерттеулер жүргізген.

Уақыт өте келе ғалымды белгілі бір затты алу тәсілімен бірге, сол білімді технологияға, технологияны өндірістік үдеріске, ал оның нәтижесін дайын өнімге айналдыру мәселесі қызықтыра бастаған. Ол 2022 жылдың қазан айынан бері Satbayev University жанындағы «Жұқа органикалық синтез» зертханасына жетекшілік етеді.

«Мен ұстанатын қағида – “Қарапайым заттар ғылымы”. Ғылым тек зертханаларда, ғылыми басылымдарда немесе университет аудиторияларында қалмауы керек. Ол шынайы өмірге еніп, адамдарға түсінікті болып, практикалық пайда әкелуі тиіс. Химиямен айналыса жүріп, жаңа дүниелер ашуға және алған білімімді нақты нәтижеге айналдыруға деген қызығушылығым әлі де жоғары», – дейді зертхана басшысы.

Ғылыми идеядан дайын өнімге дейін

Ғалымның айтуынша, органикалық химия қоршаған ортаны зерттеуге ғана емес, жаңа заттар мен өнімдер жасауға мүмкіндік береді. Оны заттардың қасиеттері мен өзара әрекетін зерттеп, сол білім негізінде қажетті сипаттамалары бар өнім әзірлеу үнемі қызықтырған.

Осы тұрғыдан тұрмыстық химия бағытын таңдаған. Сабын, сусабын, ыдыс жууға және тазалауға арналған құралдар күнделікті тұтынылғанымен, олардың әрқайсысының артында ғылыми ізденіс пен технологиялық жұмыс жатыр.

«Белгілі бір заттарды алып, олардың қасиеттері мен өзара әрекетін түсінген соң, нақты сипаттамалары бар өнім жасауға болады. Сіз жасаған дүниені кейін мыңдаған адам қолдануы мүмкін. Тұрмыстық химия осы тәсілді жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – дейді Ербол Сағатов.

Оның пікірінше, бұл бағыттың экономикалық маңызы да бар. Қазақстанда күнделікті сұранысқа ие өнімдердің өндірісін дамыту, отандық технологиялар қалыптастыру және импортқа тәуелділікті біртіндеп азайту қажет.

Satbayev University базасындағы зертхана қолданбалы ғылыми зерттеулермен айналысады. Алайда ғалымның айтуынша, әзірлемелерді нарыққа шығару үшін университет зертханасының жұмысы ғана жеткіліксіз. Себебі ғылыми ұйым мен коммерциялық өндірістің міндеттері, басқару тетіктері және экономикалық үдерістері әртүрлі.

Осыған байланысты ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру үшін университет жанынан YS Organics ЖШС құрылған. Компаниядағы Satbayev University-дің қатысу үлесі – 9,9 пайыз.

«Бұл модель университеттің ғылыми қызметін экономиканың нақты секторымен байланыстыруға мүмкіндік береді. Зертхана әзірлеменің ғылыми және технологиялық бөлігіне жауап береді, ал компания оны коммерциялық тұрғыда іске асыруға қажетті ұйымдастырушылық және өндірістік жағдай жасайды. Осылайша, ғылыми идея мен зертханалық зерттеуден бастап, технология әзірлеу, өнім өндіру және сатуға дейінгі тізбекті қалыптастырамыз», – дейді ғалым.

Ербол Сағатов үшін әзірлеменің табысты зертханалық үлгі күйінде қалмай, Қазақстанда өндірілетін және адамдар пайдаланатын өнімге айналуы маңызды. YS Organics жобасының негізіндегі «Қарапайым заттар ғылымы» тұжырымдамасы да осы ойға саяды: күнделікті қолданылатын өнімнің артында химиялық зерттеу мен инженерлік еңбек тұрады.

Зертханалық үлгіден көп тонналық өндіріске

Ғалым команда жұмысының нәтижесін ғылыми-технологиялық, өндірістік және білім беру бағыттарына бөліп қарастырады.

Зертханада көп компонентті құрамдар әзірленіп, оңтайландырылады. Мамандар шикізат құрамдастарын таңдап, олардың өзара үйлесімділігін зерттейді және физика-химиялық әрі тұтынушылық сипаттамалары белгіленген өнім алуға жұмыс істейді.

Ербол Сағатовтың сөзінше, формула жасау – жұмыстың алғашқы кезеңі ғана. Әр компоненттің соңғы өнімге әсерін, концентрация, температура және басқа да технологиялық көрсеткіштер өзгергенде өнім қасиеттерінің қалай құбылатынын анықтау қажет. Сонымен қатар бір тәжірибеде алынған нәтижені қайта өндіруге қол жеткізу маңызды.

Зертханалық әзірлемені өндіріске бейімдеу де жеке ізденісті талап етеді.

«Зертханалық стаканда жақсы нәтиже алу дәл сондай өнімді бірнеше мың литрлік өнеркәсіптік реакторда өндіруге болатынын білдірмейді. Бұл кезеңде басқа технологиялық міндеттер туындайды. Оларды шешу үшін қосымша зерттеу жүргізіп, шешім қабылдау қажет», – дейді ол.

Ғалымның айтуынша, зертхана мен YS Organics компаниясының бірлескен жұмысы нәтижесінде команда зертханалық әзірлемелерден тұрмыстық химияның әртүрлі түрлерін көп тонналық көлемде өндіруді ұйымдастыруға көшкен.

«Біз эксперименттік үлгі алумен шектелмейміз. Технологияның нақты өндіріс жағдайында жұмыс істеуіне мән береміз. Бұл университеттегі ғылыми әзірлемелерді тәжірибеде қолдануға болатынын көрсетеді», – дейді зертхана басшысы.

Оқушыларға арналған тәжірибе жинақтары

Команда өндірістік әзірлемелермен қатар білім беру бағытына да көңіл бөледі. Ғалымдар 8–9 және 10–11-сынып оқушыларына арнап химиялық тәжірибелер жүргізуге арналған бокстар әзірлеген. Жинақтарда 60-тан астам эксперименттік позиция қамтылған.

Ербол Сағатовтың пікірінше, оқушылар химияны көбіне формулалар, кестелер мен теңдеулерден тұратын күрделі пән ретінде қабылдайды. Ал тәжірибені өздері жасап, реакцияның нәтижесін көзбен көру пәнге деген көзқарасын өзгертуі мүмкін.

«Балалардың химияны емтихан үшін жаттайтын ережелер жиынтығы ретінде емес, қоршаған әлемді тану құралы ретінде қабылдағанын қалаймын. Оқушы тәжірибені өзі жүргізіп, химиялық реакцияны байқаса, оның қалай және неліктен болғанына қызыға бастайды», – дейді ғалым.

Ол команда әзірлемелерінің өнеркәсіпте, технологияларды коммерцияландыруда және білім беруде қолданылуын маңызды нәтиже санайды. Бұл бағыттарды ғылыми білімді көруге, ұстауға және пайдалануға болатын нақты дүниеге айналдыру идеясы біріктіреді.

Ғалымдарды қолдау және жас мамандар даярлау

Ербол Сағатов соңғы жылдары Қазақстанда ғылымды қолдау бағытында оң өзгерістер болғанын атап өтті. Оның сөзінше, қаржыландырудың жаңа құралдары мен жас ғалымдарға арналған бағдарламалар пайда болып, ғылыми жобаларды дамытуға көбірек көңіл бөліне бастаған.

Сонымен бірге ол ғылыми нәтижені бағалауға кеңірек қарау қажет деп есептейді.

«Ғылыми нәтиже тек жарияланым, патент немесе сәтті жүргізілген эксперимент емес. Бұл – зертханадан тыс жұмыс істей алатын технология, Қазақстанда өндіруге болатын өнім және экономикалық құндылық тудыратын кәсіпорын. Қолданбалы зерттеуде идеядан бастап өндіріс пен дайын өнімді нарыққа шығаруға дейінгі жолдың әр кезеңі маңызды», – дейді ол.

Ғалым осы бағыттағы тағы бір нәтижеге – жас мамандарды даярлауға назар аударады. Оның айтуынша, зертханада ағылшын тілін және заманауи кәсіби дағдыларды меңгерген, ғылыми ортада да, өндірісте де жұмыс істей алатын жас мамандар тобы қалыптасып келеді. Әзірлемелерді коммерцияландыру студенттер мен түлектерге нақты жобаларға қатысуға, білімін тәжірибеде қолдануға және жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.

«Біз өнім әзірлеп қана қоймай, жұмыс орындарын құрып, мамандардың жаңа буыны үшін кәсіби орта қалыптастырамыз. Жас ғалым өз идеясының дайын өнімге дейінгі жолын көріп, білімінің елде сұранысқа ие екенін сезінуі маңызды», – дейді Ербол Сағатов.

Осы ретте ол ғылымды қолдау зерттеулерді қаржыландырумен қатар, тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтарды, технологияларды өндірістік көлемге бейімдеуді, жабдық пен шикізатқа қол жеткізуді және кейінгі коммерцияландыру мүмкіндіктерін де қамтуы керек деп санайды.

Сонымен бірге ғалым барлық зерттеудің міндетті түрде коммерциялық сипатта болуын талап етуге болмайтынын айтады. Оның пікірінше, іргелі зерттеулердің өзіндік құндылығы бар. Ал қолданбалы ғылымда әзірлемелердің қағаз жүзінде немесе зертханада қалып қоймай, технологияға, өнімге және адамдар үшін жаңа мүмкіндіктерге айналуына жағдай жасалуы қажет.

Тэгтер:

ғылым инновация отандық өндіріс