Өскемен маңында жолаушылар мінген көлік өзенге құлап кетті

Бүгін, 15:35 / Ахмет Қанатұлы

Шығыс Қазақстан облысында жолаушылар мінген жеңіл автокөлік жолдан шығып, өзенге құлап кетті. Жол апаты салдарынан жүргізуші мен екі жолаушы жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оқиға 29 қараша күні таңғы сағат 7:00 шамасында Өскемен – Таулы Үлбі – Северное автожолының 35-шақырымында болған. Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Lada Vesta автокөлігінің жүргізушісі Северное ауылынан Өскемен қаласына қарай бағыт алған. Алайда жол үстінде жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай, жолдан шығып кеткен.

Полицияның алдын ала мәліметіне сәйкес, жол апатына жүргізушінің жылдамдықты дұрыс таңдамауы себеп болған. Тәртіп сақшыларының хабарлауынша, ол көлік жылдамдығын белгілеу кезінде жол мен ауа райының жағдайын ескермеген. Соның салдарынан автокөлік жолдан шығып, өзенге құлаған.

Жол апаты кезінде көлікте жүргізуші мен екі жолаушы болған. Оқиға салдарынан үшеуі де жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілген.