“Бізге демографиялық өсім мен дені сау ұрпақ керек”

1323

Гендерлік теңдік. Осы бір күрделі тақырып төңірегінде қоғамда екіұдай пікір бар. Бұл саясаттың біздің ұлттық менталитетімізге әсері қандай? Біз «гендерлік теңдік» ұғымын дұрыс түсінбей жүрген жоқпыз ба? Отбасы құндылығын қалай арттырамыз? Осы және басқа да сұрақтарға тарихшы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің аға ғылыми қызметкері Айшуақ Дәрменұлы жауап берген болатын.

Айшуақ Дәрменұлы

– Әлемдік тарихта, сондай-ақ, қазақ қоғамының тарихында «Гендерлік теңдік» ұғымы қашаннан бастап қолданылып, қолға алынып келеді? Осыған тоқталып өтсеңіз?

Гендер (латынша «genus», ағылшын тілінде «gender») қазақша  «жыныс» деген сөз, яғни, еркек пен әйел жыныстылардың теңдігі туралы ұғым. Ежелгі және орта ғасырларда, тіпті жаңа дәуір адамдары мұндай шаруаға бас ауыртпаған секілді. Ішінара кейбір философтар мен ағартушылардың көзқарастарында айтылған идеяларды жоққа шығаруға болмас. XIX ғасыр ортадан ауғанда Батыс Европа мен АҚШ елдерінде еркек пен әйелдің теңдігі туралы қозғалыстар бой көрсете бастады. Күрестің басты талабы әйелдердің сайлау-сайлану құқы туралы еді. 1718 жылы Швецияда, кейін Америка иеліктерінде шектеулі саяси еркіндіктер берілген. Мемлекеттік деңгейде 1893 жылы Жаңа Зеландия, 1902 жылы Австралия әйелдері сайлауға қатыса бастаған. Кувейт 2005 жылы, Сауд Арабиясы 2011 жылы ғана өз әйел жыныстыларының сайлау құқын заң жүзінде бекіткенін ескерсек, «қырық шырақтылардың» табандылығы бас июге тұрарлық.

«Гендер» терминін ең бірінші зерттеуші Джон Мани 1955 жылы қолданды. Қазіргідей қоғамдық-саяси ұғым ретінде 1960 жылдарда, екінші толқыны 1990 жылдарда басталған феминистік қозғалыстармен ұштасады. Кеңестік кезеңдегі әйелдер тақырыбы өте күрделі. Тоталитарлық жүйеде еркіндік пен теңдік болғаны туралы объективті пікір айту қиын. «Алжир» лагерінде азапталған әйелдер мен ғарышкер Терешкованың ортасында терең тұңғиық бар. Одақ ыдыраған соң посткеңестік мемлекеттер өз бағыттарын айқындап, әлемдік әртүрлі саяси ағымдармен қатар гендерлік саясат та дендеп ене бастағаны ақиқат.

– Қазақ қоғамында «Гендерлік теңдік» қаншалықты қажет болды? Ол біздің қоғамға қалай әсер етті?

Бұл сұрақтың күрделілігі сондай, биік мінберлер мен көгілдір экраннан айтылатын әңгімелер және сол адамдардың оңашада айтатын сөздері бір-бірімен қабыса бермейді. Мұндағы қайшылықтардың себебі сол халықаралық заңдар мен біздің ұлттық дүниетаным кейбір сұрақтар бойынша үндеспейді. Мемлекет басшысы теледидардан бір сөйлегенде: «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «халықаралық» деген статусына мәз болып, пайдасы бар-жоғына қарамай, кейбір заңдарға қосылып кетіппіз», деген болатын.

Жалпы, «Гендерлік теңдік» дегенде менің есіме сақтардың қоғамы түседі. Ақыл-парасаты, күш-қайраты жетіп тұрса, жынысына қарамай тайпа көсемдігіне әйелдерді де сайлады (мысалы, Томирис, Зарина). Қазақтың анасына, қарындасы мен апасына, өз қызына құрметі қандай керемет болғанын айтпай-ақ қояйын. Мәселенің көлеңкелі жағы да бар. Қоғамда әйелдердің бейнеті ауыр салалар әлі де көп. Анемиямен ауыратын әйелдер мыңдап саналады. Перзентханаларда ана мен бала шығыны баршылық. Нақты деректер ашық айтылмайды. Күнкөріс қамымен тірсегі қағысып базарда жүрген қаншама аналар қаншама! Поезда вагон аралап ұсақ-түйек сатып жүрген әйелдер еріккеннен осындай іспен айналасы ма? Біз осы шаруаларды шешіп алайықшы. Жоғары материя туралы әдемі сөздерге сосын оралармыз.

– Гендерлік теңдікке қатысты қоғамда екіге жарылған пікір әлі күнге дейін толастаған жоқ: бірі «бұл ұлтқа төнген қауіп» десе, екіншісі «бұл уақыттың талабы» деседі. Сіз қай пікірдесіз?

Маған Жапония елінің саясаты ұнайды. Сырттан келетін бүкіл дүниенің бәрін түгел сүзгіден өткізеді. Ұлттық сүзгіден. «Осы бізге не пайда береді, қажеті қандай?» деп. Содан кейін ғана өз керегін алады. Гендерлік мәселеде де осындай сүзгі керек. Мен таяқтың екі басын да ұстамаймын. Ортасы дұрыс. Феминистердің кейбір қолдайтын идеялары бар. Әйел денсаулығын сақтау, нәзік жандыларға қамқорлық, сапалы медициналық көмек, ауыр және зиянды еңбектен босату дегендей.

Іске алғысыз, сау адам түсіне бермейтін талаптары да жетерлік. Мәселен олар «Әйел адам бала туып, оның бейнетін көруі міндет емес. Бір-ақ рет өмір сүреміз. Ойнап-күліп, жан рахатына бөленіп жүрген дұрыс» дейді. Көлікте орын берген, қиындықта көмек қолын созған еркектердің адами ниетін «қорлау» деп қабылдап, сотқа береді. Европа мен Американың байғұс еркектері үшін әйел әйел емес, қауіпті объектіге айналды. Демографиялық өсім тоқырады. Еркек пен әйел табиғи қасиетінен айырыла бастады. Нәтижесі тіпті сорақы. Жыныстық азғындау жаппай етек жайды. Есіңізде болса, Қырғызстанның әуежайын АҚШ әскерилері жалға алып, бірнеше жыл тұрды ғой. Сол уақытта шамамен бес мың әскери қызметкер еліне үйленіп қайтыпты. Оларды сыпайы, ер-азаматты сыйлайтын, табиғи әдемілігі тұнып тұрған азиялық қыздардың болмысы баурап алған. Қазақтың қыздары да ешкімнен кем емес. Қадірін білетін жақсы азамат табылса, адал жар болуға дайын. Құлап келе жатқан ұшақта атеистер болмайтыны сияқты, атына заты сай ер азамат болса, феминист қыздар да болмайды. Қоғамдық пікірді екіге жармай- ақ, классикалық отбасы мен оның құндылықтарын кең түрде насихаттау және қолдау қажет.

Гендерлік саясаттың бір тармағы әйелдерге қатысты барлық дискриминацияны жою екендігі белгілі. Алайда, қоғамда әлі де болса, әлеуметтік дискриминация көріністері баршылық. Әсіресе, отбасында әйелдердің, қыз балалардың ер адамдардан зорлық көруі, кей жағдайда ер адамдардың отбасы, соның ішінде бала жауапкершілігінен қашуы, алимент төлемеуі деген сияқты жайттар жиі кездеседі. Бұл жерде гендерлік саясат неге әлсіз?

Біріккен Ұлттар Ұйымы 1979 жылы 18 желтоқсанда «Әйелдерге қатысты дискриминацияның барлық түрін жою туралы Конвенция» қабылдады. Қосымша протокол арқылы бұл Конвенция 2000 жылы 6 қыркүйекте толықтырылды. Біздің еліміз 1998 жылы 29 маусымда осы Конвенцияны және 2001 жылы 4 шілдеде қосымша протоколын ратификациялады. Яғни, Біріккен Ұлттар Ұйымы уставы, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, Қазақстан Конституциясы бойынша барлық адам жынысына қарамай тең, еркін және азат.

Қазақстан Президентінің 2005 жылғы 29 қарашадағы Жарлығымен «Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы» бекітілді. Қазақстанда 2009 жылы 4 желтоқсанда «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу туралы» Заң қабылданды. Президенттің 2016 жылы 6 желтоқсанда қол қойған «ҚР 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлығы бар. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің басты қағидасы – ерлі-зайыптылардың отбасындағы теңдігі, балалардың отбасылық тәрбиесінің басымдығы, отбасының кәмелетке толмаған және еңбекке қабілетсіз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау. Ел Президенті «Қазақстан-2050» Жолдауында ана мен баланы қорғауды жаңа кезеңдегі әлеуметтік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі ретінде жариялады.

Көріп отырғанымыздай, Қазақстанда гендерлік саясатқа қатысты заңдар жеткілікті. Біздің елдегі гендерлік саясат тізгіні ел Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия қолында. Егер мемлекет заңдары аздық етеді десеңіз, қазіргі уақытта Қазақстанда отыз мыңға жуық үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді екен, оның ішінде шамамен үш жүзден астамы әйелдер, отбасы және балалар мәселелерімен айналысамыз депті.

«Заң қатал, бірақ ол заң» деген бар. Қыз алып қашуды алайық. Бір-бірін сүйген екі жастың өзара келісімімен болған емес, танымайтын бөтен адамдардың көшеден сүйреп алып кетуін айтамын. Осыны да жігіттікке, ерлікке балап қорғаштайтындар қоғамда әлі де көп. Бірақ, өзінің қарындасы мен қызына ондай тағдыр тілемейді. Екі түрлі өлшем. Мемлекеттік саясат, отбасылық тәрбие, заң орындары, діни мекемелер, қоғамдық көзқарас бір-бірін толықтырып кешенді түрде жұмыс істеу керек.

– Бұдан отбасы құндылығының, отбасы институтының құлдырауы деген тағы бір күрделі мәселе шығады. Бұл мәселенің артында не тұр? Неге қазақ қоғамы осындай өркениеті дамыған уақытта дәл осындай мәселемен бетпе-бет келді деп ойлайсыз? Оған не әсер етті?

Бұл қоғамның ала-құлалығының көрінісі. Уақыт өткен сайын жұрт бір-бірін түсінуден қалып барады. Ақпараттық тасқын өте көп, оны әркім өзінше қабылдайды. Әлеуметтік тұрғыда еркек-әйел арақатынасы туралы әйелдің пікіріне құлақ түріңіз: «Алла Тағала әуел баста әйелді ерге тәуелді етіп жаратқан. Тәуелді дегенде, тек айтқанымен жүріп-тұруда емес, бар жағынан ішіп-жемі, баспанасы, киімі, ал ең бастысы – қауіпсіздігі жағынан тәуелді етті. Ер  әйелдің қорғаны болған. Бұрын. Әуел баста. Алла тағаланың мінсіз әлем жоспарында ері жоқ әйел болмауы тиіс еді. Әуел баста. Заман озды. Әйел ермен теңесті. Бірақ, азаматтар соны әлі қабылдағысы келмейді. Әйел баласы өзінен төмен тұрғанын қалайды. Тек, сенен төмен тұратын – саған тәуелді әйел. Ішіп-жемі мен баспанасын, киім-кешегін сен қамтамасыз етіп отырған, ал ең бастысы – сенің қасыңда өзін қауіпсіз сезінетін, намысы мен абыройын сенің қолыңа беріп, сен барда ешкімнен жаман сөз естімейтініне сенімді, сен барда есігінің сыртына келіп тұрған жауына қару алып қарсы шығуға мәжбүр болмайтынына сенімді әйел саған бағынады, сенен төмен тұрады, сенің бетіңе қарсы келмейді. Өйткені, бұл – әйелдің болмысы, бұл әйелдің генінде, қанында, әуел бастағы санасында. Ал осының бәрін бере алмасаң – сен де Жаратушының заңына қарсы келгенің, ендеше сен де бағынуды, табынуды күтпе де, талап етпе де»,  дейді. Ащы болса да шындық. Ойланатын, қорытынды жасайтын тұстары баршылық.

Қазір бәрі өзгеріп жатыр. Әзірше өзгермеген, дұрысы, өзгергісі келмей жатқан біздің «еркектік жалған намысымыз». Ешкім қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Айналада болып жатқан оқиғалар, бүгінгі күннің қатал талаптары, жаңа технологияларға деген қажеттілік, мемлекеттік саясат барлығын ата-аналар біліп қана қоймай, өз отбасының стратегиялық болашағын жоспарлап, алға ұмтылуға міндетті.

– Отбасы құндылығын арттыру бағытында Елбасы Жолдауында да айтылды, талай құжаттар қабылданып, талай шаралар да өткізіліп жатыр. Алайда, отбасы құндылығының құнсыздануының салдарынан қоғамда тіпті гомосексуалдардың өздерін, тіпті ЛГБТ секілді ұйымдар құруға деген ниетін ашықтан ашық айқайлап айтуына дейін «жол ашып» беріп отырмыз. Бұл қазақ қоғамы үшін қаншалықты қауіпті?

Қазақ тарихында адам өз тегі түгілі, күнкөріс көзі болған төрт түлік малдың да тазалығына, тектілігіне мән берген. Жынысына лайық емес, өзгеше қылық көрсеткен малдың ауру ретінде көзін жойып, етін де жемей, көміп тастап отырған. Сіздің сұрағыңызда айтылған қазақы қоғамға жат, құдайдың да, табиғаттың да заңдарына қайшы әрекет жасайтындарды ауру деп есептеймін. Мемлекеттің қатардағы азаматы ретінде ондай ұйымдардың қызметіне неге тыйым салынбай отырғанын түсінбеймін.

Саяси тұрғыда әлемдік қауымдастық алдында «бізде бәрі де еркін, әркім білгенін істеуге құқылы» деу үшін керек деп өзімізді жұбатамыз ғой. Әлемде тоғызыншы орын алатын жеріміз бар. Халқының саны жөнінен жетпіс төртінші орындамыз. Бізге демографиялық өсім мен дені сау ұрпақ керек. ҚР Президенті биылғы Жолдауда «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» дейді. Мұндай идеал ретінде денсаулығы мықты, рухы биік, ұлтының тілі мен салт-дәстүрлерін көздің қарашығындай ардақтайтын көп балалы ата-ананы көргіміз келеді.

– Отбасы құндылығын арттыру үшін тағы не істеуге болады? Сіздің пікіріңіз?

Жолдауда «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция» деген ой айтылды.  «Бір жылын ойлаған ел бидай егеді, он жылын ойлаған ел жеміс ағашын егеді, мәңгілігін ойлаған ел ұрпағының жүрегіне ізгіліктің дәнін егеді» деген халық даналығымен үндеседі. Бұзық ұлды жөндейтін ең алдымен әкесі, сосын анасы, қала берді ағайын-туысы, содан кейін ғана мектеп. Себебі, жасөспірім уақытының көпшілігін мектепте емес, үйінде, көшеде өткізеді. Көшедегі жүріс-тұрысын да қадағалау ата-ананың міндеті. Ал біз қит етсе бәрін мұғалімнің мойнына арта салғымыз келеді. Баласы түрмеде жатқан бір әйел «Қателігіміз баламызды оңбаған мектепке беріппіз. Ауыстырып алу ойға да келмепті» деген екен. «Қателігіміз баламыздың әкесін жүндей түтіп жібергеніміз болыпты» демейді. Бұған тоқталған себебім, психологтардың зерттеулерінде «Отбасында әке беделі жоғары болса,  ұл-қыздары салмақты, өзіне сенімді, тәрбиелі болып келеді. Ал әйелдің айтқанымен жүретін шаңырақтың ұрпақтары ынжық, боркемік, күйгелек болып келеді» депті.

Бір зерттеу мақаланы оқыдым. Қарттар үйіне тапсырылған ата-әжелердің тағдырын таразылап, талдау жасапты. Сондағы бір штрих әке-шешелерінен бас тартып, интернатқа тапсырғандардың 95 пайызы мектепте ана тілінде оқымағандар екен. Өз ұлтынан жерінгендердің оңғанын көрген жоқпын.

Бірнеше жылдан бері «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен шығатын кітаптарды насихаттап жүрміз. Тұнып тұрған қазына. Мұнда бәрі де бар: мифология, салт-дәстүр, діннің тәрбиелік аспектілері, фольклор, бесік жырынан бастап барлық әдет-ғұрыптардың шығу негіздері жинақталған. Балабақшадан бастап университетке дейін, бестегі баладан тоқсандағы ақсақалға дейін оқи беретін кітаптар. Мұғалімдер мен ата-аналар өте жақсы қабылдап жүр. Балабақша мен мектеп бағдарламасына қосымша тәрбиелік мақсатқа сұранып тұрған дүние. Әттең, мұғалімдердің қалтасы жұқа. Әр мектепке бес-он кітаптан тегін таратып бергіміз ақ келеді. Бастыру шығынына көмектесетін демеуші болса, қанекей…

Сұхбаттасқан Мейрамгүл Рахатқызы