02-10-18 | 16:26
Әсет Нұржаубай ісіне “өкінетінін” мәлімдеді
.
Қазанның 2-сі күні Алматының Медеу аудандық сотында Әсет Нұржаубай соңғы сөзін оқыды. “Алаяқтық жасады”, “қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовке болысты” және тыйым салынған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” (ҚДТ) қозғалысы қызметіне қатысты деп айыпталған белсенді өз ісіне “өкінетінін” мәлімдеді. 

– Менің әрекеттерімнің барлығы ақымақтықтан болды, Әблязовтың арзан уәделеріне сеніп қалдым. Осында отырғанда мен ешқандай бағдарлама мен стратегияның жоқтығын түсіндім. Мұның барлығы өтірік, ал ең басты өтірікші – Әблязов. Ол тек өтірікші емес, ол – ұрлықшы, – деді Әсет Нұржаубай.

Оның сөзінше, Әблязовтан көмек сұрағанымен, ешқандай жауап болмаған.

– Ол бізді алдап келеді, Қазақстанда саяси қуғын жоқ. Әркім өзінің ісіне қарай жазасын алып жатыр. Менің құқық қорғау қызметкерлеріне де шағымым жоқ. Барлық қазақстандықтарға Әблязовтың жалған уәделеріне сенбеңдер дегім келеді. Ол Қазақстанның ақшасын ұрлап, шет елге қашып кетті, енді еуропалық қауымдастық алдында өзін ақтап алғысы келеді. Мен өз ісіме өкінемін, соттың мені қатал жазаламауын сұраймын және түзелемін деп уәде беремін, – деді Әсет Нұржаубай. 

Айыпталушының сөзінен кейін судья Ұлан Кішібай үкімнің бүгін түстен кейін оқылатынын хабарлады.

Бұған дейін прокурор Жәнібек Мамытов айыпталушының кінәсі толық дәлелденгенін айтып, соттан Нұржаубайды алты жылға соттауды сұраған.

Польшада орналасқан “Ашық диалог” (Open Dialog) құқық қорғау ұйымы 30 жастағы Әсет Нұржаубайды биліктің Астананы сынайтын әрі шетелде тұратын Мұхтар Әблязов құрған ҚДТ-мен күресі науқанына ілігіп кеткендердің бірі деп санайды.

Бұған дейін қазақстандық құқық қорғаушылар Әсет Нұржаубайды “саяси тұтқын” деп жариялаған.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.