Қазақстанның сыртқы борышы өсіп, 46,6 млрд. АҚШ долларына жетті

339

Қазақстан Республикасының таза сыртқы борышы 2018 жылғы 2-тоқсанда 0,5 млрд. АҚШ долларына ұлғайып, 46,6 млрд. АҚШ долларына жеткен екен. Бұл туралы Ұлттық банктің хабарламасына сүйене отырып, baq.kz жазады. Сондай-ақ, ақпаратта сыртқы борыш туралы мәліметтер де егжей-тегжейлі айтылған. Мәселен, 2018 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сыртқы борышы 164,4 млрд. АҚШ долларын немесе ІЖӨ-ге қатынасы 96,3% жеткен.

Ұлттық банк таратқан хабарламада “Сыртқы борыш құрылымында 63,0%-ын бұрынғысынша фирмааралық берешек, 26,1% байланысты емес кредиторлар алдындағы «Басқа секторлардың» сыртқы борышы, 7,2% мемлекеттік сыртқы борыш (Үкімет пен Ұлттық Банк), 3,7% – «Банктер» секторының сыртқы міндеттемелері (ЕДБ және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ) алып отыр. 2018 жылғы 2-тоқсанда елдің сыртқы борышы 2,2 млрд. АҚШ долларына қысқарды” делінеді.

Ал, сыртқы борыш дегеніміз не? 7kun.kz сайты оған мынадай түсіндірме берген екен: Сыртқы борыш — шетелдік кредиторлар турасында белгілі бір күнге, белгіленген мерзімде өтеуге жататын елдің қаржылық міндеттемелерінің сомасы. Елдің сыртқы борышының болуы орынды әлемдік практика болып саналады. Алайда, оның шегі болады, ол шектен мемлекеттік борыштың артуы қауіпті бола бастайды. Мемлекеттік сыртқы қарыз алу бойынша тартылатын қаражаттардың көлемі — елдің Ұлттық банкінің таза алтын-валюта резервтерінің 50 пайызынан acпауы тиіс. Сыртқы қарыздарды көптен-көп ауқымда тарту кредитор — елдерге экономикалық және саяси тәуелділікке ұрындыруы мүмкін.

Мемлекеттік борыштың мөлшерін салыстырмалы сипаттау үшін әлемдік практикада Халықаралық қайта құру және даму банкі ұсынған арнаулы көрсеткіштер пайдаланылады.