Әсет Әбішевтің адвокаты соттың ҚДТ-ға тыйым салған шешімін алды

7
Алматыда қазанның 4-і күні тыйым салынған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” (ҚДТ) қозғалысына қатысты деп айыпталған Әсет Әбішевтің соты жалғасты. Сотта судья Болатбек Зағиев адвокат Гүлнара Жуаспаеваның өзіне Астана сотының 13 наурызда ҚДТ-ны экстремистік ұйым деп таныған шешімін беру туралы өтінішін қанағаттандырды. Сотталушы Әбішев пен оның адвокаты судьядан өздеріне сот шешімімен танысуға уақыт беруін сұрады. Судья Зағиев бұл өтінішті қанағаттандырып, сотта 16 қазанға дейін үзіліс жариялады.

Бүгін Әсет Әбішев сотта абақты әкімшілігі өзіне тиісті жағдай жасамағанын мәлімдеді. Судья оған бұған қатысты прокуратураға шағымдануға құқылы екенін айтты.

Әсет Әбішев сонымен қатар сотта өзін адвокатының қасына отырғызуын сұрады. Судья келесі сотта оның адвокаттың қасында отыратынын айтты.

41 жастағы азаматтық белсенді Әсет Әбішевтің ісі бойынша негізгі сот процесі 2 қазанда Алмалы аудандық сотында басталған. Прокурор Алтынай Боранбаева оқыған айыптау актісі бойынша, Әбішев Қылмыстық кодекстің 405-бабы (тыйым салынған ұйым қызметіне қатысу) және 266-бабымен (қылмыстық топ әрекетін қаржыландыру) айыпталып отыр. Әбішев өзіне тағылған айыпты мойындамайды.

Бұған дейін судья Гүлнара Жуаспаеваның Әбішевті қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішін қанағаттандырмаған. Сот Жуаспаеваның ҚДТ жетекшісі, бұрынғы банкир әрі Астананы сынайтын Мұхтар Әблязовтен бейнеконференция арқылы жауап алу туралы өтінішін ашық қалдырған.

Астана соты биыл 13 наурызда шетелде тұратын Мұхтар Әблязовтің “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысын экстремистік ұйым дап танып, қызметіне тыйым салған.

Azattyq.org