Астана Мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов Орталық және Шығыс Еуропадағы мемлекеттік басқару институттары мен мектептер желісінің (NISPAcee) президенті Дьердь Хажналмен кездесті.

Кездесу барысында Алихан Байменов: «Тиісті мемлекеттік органдармен қатар біз мемлекеттік басқару саласындағы Американдық қоғам мен Азиялық қауымдастық секілді кәсіби ұйымдармен, сондай-ақ, мемлекеттік басқару саласындағы жетекші университеттермен ынтымақтастық орнаттық. Осы бағытта NISPAcee желісімен де серіктестікті нығайтуға мүдделіміз» – деді.

 

ДьердьХажнал өз кезегінде Астана хабының өз миссиясын жүзеге асырудағы жетістіктерін атап өтті. «Астана хабының қызметі ғаламдық сипатқа ие болды. Бүгінгі таңда Хаб әлемнің көптеген елдері үшін мемлекеттік қызмет саласында білім алмасудың бірегей алаңы болып табылады. Хаб өз зерттеулеріне ғалымдармен қатар, практиктерді де қатыстырады, сондықтан Хабтың осы тәжірибесібізге өте маңызды»- деді ол. Сонымен қатар, Хажнал мырза Астана хабының зерттеу басылымдарының сапасы мен өзектілігін ерекше атап өтті. Кездесу соңында тараптар бірлесіп жүргізетін зерттеулерді талқылап, болашақ жоспарларды айқындады. Хабтың сарапшылар реестрі 25 елдің 90 аса жетекші мамандарын біріктіреді. Ал мемлекеттік басқару саласындағы 30 аса танымал халықаралық ұйым – Хабтың тұрақты әріптестері.

Қазіргі таңда, Астана хабының қатысушы елдерінің құрамына 40 мемлекет кіреді, солардың ішінде ЭЫДҰ, ТМД, Кавказ, Орталық Азия және ACEAН елдері де бар.